Қалта ұрлығымен айналысқан 120 күдікті анықталды

Қалта ұрлығымен айналысқан 120 күдікті анықталды
Сурет: polisia.kz

Биыл алматылық тәртіп сақшылары қалта ұрлығымен айналысқан 120 күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Криминалдық полицияның арнайы тобы бұл санды 10 айлық жұмыстың қорытындысы бойынша келтіріп отыр. Ал “Құқықтық тәртіп” жедел алдын алу іс-шарасы барысында жедел уәкілдер 44 қалта ұрысын ұстады.

– Олардың бірі – қоғамдық көлікте ұрлық жасап жүрген 63 жастағы И.есімді азамат. Қаскөй қарбалас уақытта кезекті ұрлығын жасауға шыққан. 201-бағыттағы қоғамдық көлікте ер адам жолаушының күртесінің қалтасынан Samsung телефонын ұрлап кеткен. Алайда оны жедел уәкіл ұстап алды. Күдікті қазір қамауда. Әуезов аудандық полиция басқармасында сотқа дейінгі тергеу басталды, – деп айтылды Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасында.

ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.