Қаламызда үй жануарларын ұстаудың жаңа ережелері күшіне енді

Қаламызда үй жануарларын ұстаудың жаңа ережелері күшіне енді
Сурет: Time.kz

Бұрынғы ереженің күші жойылды.

«Алматы қаласының ветеринариялық қызметі» ШЖҚ КМК Алматы қаласы мәслихатының 2022 жылғы 30 қыркүйектегі шешімімен Алматы қаласында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау мен жоюдың 2014 жылғы 10 қыркүйектегі бұрын қолданыста болған ережелері және 2018 жылғы 17 сәуірден бастап қолданыста болған Алматы қаласында иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету ережелерінің күші жойылғанын хабарлайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Алматы қаласында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандырудың жаңа ережелерін (№208 шешім), сондай-ақ Алматы қаласында үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерін (№209 шешім) 2023 жылғы 17 қаңтардағы VII сайланған Алматы қаласының мәслихаты бекіткен және олар ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң, яғни 2023 жылғы 8 ақпанда, күшіне енеді. 

Жаңа ережелер бойынша аулау жануарға жарақат пен зақым келтіруді, азаматтардың денсаулығына, олардың мүлкіне, заңды тұлғалардың мүлкіне, қоршаған ортаға зиян келтірмейтін ізгілікті тәсілдермен жүзеге асырылуы тиіс. Адамның және (немесе) жануардың өміріне немесе денсаулығына нақты қатерді жою кезінде жануарларды балалардың қатысуымен аулауға жол берілмейді. Бұл ретте аулау қызметінің мамандары жануарларға зиян келтірмейтін құралдарды (оқшауланған жібектер, торлар, гельді оқшауланған ілмектер және т.б.) пайдалануы тиіс.

УҰП-да (уақытша ұстау пункті) ұсталған жануарларды ұстау ережелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен, торда/ұялардың әрқайсысында бір иттен тұруы керек, тордың мөлшері жануардың еркін тұруына, жатуына, олардың түрлеріне және жеке ерекшеліктеріне сәйкес келуі тиіс.

Адамға, жануарларға шабуыл жасаған немесе адамның өміріне әрі денсаулығына қауіп төндіретін жануарлар, оның ішінде кемінде үш иттен тұратын бұралқы жануарлар, сондай-ақ жазылмайтын дертке шалдыққан жануарлар дәрілік жолмен жансыздандырылуы (эвтаназияға) қажет.

Жаңа өзгерістер сонымен қатар қаңғыбас жануарларды бейімдеу (орналастыру), серуендету талаптарын сақтау, жануарларға қатыгездік жасағаны үшін әкімшілік ықпал ету, т.б. шараларын реттейді.  

Ережелермен толығырақ келесі сілтемелер арқылы танысуға болады:

- Алматы қаласында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру ережесі – https://adilet.zan.kz/rus/docs/G23R000208M

- Алматы қаласында үй жануарларын ұстау және серуендету ережелері – https://adilet.zan.kz/rus/docs/G23R000209M