Ильхам Әлиев қалай жеңіске жетті?

Ильхам Әлиев қалай жеңіске жетті?
Сурет: president.az

7 ақпанда Әзірбайжанда Президент сайлауы өтті. Сайлауда Ильхам Әлиевтің жеңіске жететініне ешкім күмән келтірмеген. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала есебі бойынша Әлиев 92,1% дауыс жинаған. Сайлаудың соңғы қорытындысы шықпағанның өзінде қазіргі президенттің жеңіске жететіні бәріне белгілі.

Ильхам Әлиев қалай жеңіске жетті? Оған Таулы Қарабақты елге қайтару саясаты әсер етті. Себебі тарихи әділдікті қалпына келтіру, халықтың сана-сезімін ояту сияқты әрекеттер ғана қатарынан бесінші рет жеңіске жетуге мүмкіндік береді.

Мұның бәрі сыртқы жау арқылы жасалса сайлауда жеңіске жетуге мүмкіндік артады. Сыртқы жауы кім? Әрине Армения. 1990 жылдары ала алмай кеткен есені қайтару мақсатын қойды Ильхам Әлиев.

Былтыр Әзірбайжан Таулы Қарабақты қайтарып еді. Осылайша тарихи әділдік орнап Ильхам Әлиевтің халық алдындағы беделі артты. Ол темірді қызғанда бас деп биыл кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынған болатын. Себебі 2025 жылы сайлау өтсе оның рейтингісі түсіп кету қаупі болған. Олай жасамасқа амал болмады. Таулы Қарабақты қайтарды, басқа халықтың патриоттық сезімін оятатын сыртқы жау образы жоқ.

Осылайша алдағы 7 жыл И. Әлиев ел тізгінін ұстайды. Ары қарай не болмақ? Меніңше бұл Әлиевтің соңғы президенттік мерзімі болмақ. 7 жылда билік транзитіне дайындық үдерісі жүреді. Себебі патриотизмнен бөлек, адам және азамат құқығы, саяси жүйені демократияландыру, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу сияқты маңызды міндеттер тұр.