ІІМ Алматы академиясының бастығы, полиция полковнигі Айдар САЙТБЕКОВ: Ел тыныштығын қастерлеуге үндейді

ІІМ Алматы академиясының бастығы, полиция полковнигі Айдар САЙТБЕКОВ: Ел тыныштығын қастерлеуге үндейді
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Қазақ халқының сан ғасырлық арманы болған қасиетті тәуелсіздігімізге қатер төндірген қаңтар оқиғасына жуырда бір жыл болады.

Сол бір қасіретті күндер Қазақстан полициясының да күш-жігерін сынға салған күндер болды.

Ел тыныштығы үшін сапта тұрған тәртіп сақшылары сын сағатта анттарына адалдық танытып, Отанға деген сүйіспеншілігін өздерінің батыл да ержүрек іс-әрекеттерімен дәлелдей білді.

Еліміз Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде 800-ден астам полиция қызметкері қызмет бабында және қылмыскерлердің қолынан қаза тапса, қаңтар оқиғасы осы бір қаралы санды тағы да еселей түсті.

Алматы қаласында «Тағзым» мемориалының ашылуы біздің ел басына күн туған ауыр күндерде қаза тапқан әріптестерімізге деген үлкен құрмет деп білеміз. Мемориалдың ашылу салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қаңтар қасіреті мен сол кезде өмірі қиылған азаматтар жадымызда мәңгі сақталады», - деген болатын. Иә, қаңтар оқиғасы кезінде құқық қорғау органдарының 3 мыңнан астам қызметкері жараланып, 19 адам қаза тапты. Қаншама әріптесіміз мүгедек болып қалды.

Осы ауыр күндерде Алматы академиясының жеке құрамы да ел қауіпсіздігі үшін сапқа тұрды. Қаңтар оқиғасы кезінде батылдық танытып, бейбіт тұрғындарды қорғаған тактика-арнаулы даярлық кафедрасының бастығы, полиция полковнигі Олег Романович Цой Мемлекет басшысының қолынан «Ерлігі үшін» медалін алды.

«Тағзым» мемориалы - жәй ескерткіш қана емес, ол, Мемлекет басшысы айтқандай, тұрақтылық пен татулық болса ғана еліміздің амандығын, жеріміздің бүтіндігін қорғай алатынымызды дәлелдейтін мемориал.