Еуропада қыста кемінде 500 мың адам коронавирустан көз жұмуы мүмкін

Еуропада қыста кемінде 500 мың адам коронавирустан көз жұмуы мүмкін
azertag.az

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша қыста Еуропада кемінде 500 мың адам коронавирустан көз жұмуы мүмкін деп хабарлайды almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Егер ЕО елдері пандемияға байланысты шектеулерді күшейтпесе, бұл болжам жүзеге асуы мүмкін, - деді ДДҰ Еуропалық бюросының директоры Ханс Клюге.

«COVID-19 кезекті рет біздің аймақта өлім-жітімнің басты себебі болып отыр, жаңа толқынның туындауы суық ауа райының жақындауына, бірқатар елдерде вакцинацияның төмен қарқынына және SARS-CoV-2 жұқпалы штамдарының пайда болуына байланысты».

Осыған орай Австрияда бүгіннен бастап жалпыұлттық локдаун енгізіледі, Данияда кинотеатрларға, түнгі клубтар мен мейрамханаларға бару үшін ковид-паспорттар міндетті болып табылады.

Ал Германияның федералды аймақтарында covid-19 инфекциясының таралу қарқыны бәсеңдеуде. Роберт Кох институтының мәліметі бойынша өткен тәулікте елде 42 727 коронавирус инфекциясына шалдығу жағдайлары тіркелген, бір күн бұрын бұл көрсеткіш 63 мыңнан астам деректі құрады.

SARS-CoV-2 инфекциясының расталған жағдайларының жалпы саны 5,5 млн-ға жуықтады, нақтырақ 5 354 942-ге жетті. Соңғы 24 сағат ішінде 75 науқас ауру салдарынан көз жұмды, ал пандемия басталғаннан бері Германияда 99 062 адам COVID-19 асқынуынан көз жұмды.