Есік қаласында 4 бала жетім қалды

Есік қаласында 4 бала жетім қалды
Сурет: Pixabay.com

Ерлі-зайыптылар ауырғанға дейін еш вакцина алмаған.

Алматы облысында төрт бала ата-анасынан айырылып, жетім қалды. Олардың ата-аналары коронавирус инфекциясына шалдығып, қайтыс болған, деп хабарлайды Almaty-akshamy Almaty.tv сайтына сілтеме жасап.

Көз жұмған келіншек ауруханаға 4-ші перзентіне аяғы ауыр болып түсіп, дәрігерлер баланы аман алып қалыпты. Бірақ 4 күн өткен соң, Гүлназ Османова қайтыс болады.

«Жолдасы 15-і күні біздің ковид бөліміне түсті. Өкінішке қарай, емдеу шараларының жасалуына қарамастан, 1 тамызда көз жұмды. Ерлі-зайыптылар ауырғанға дейін еш вакцина алмаған. Вакцина алған кезде мұндай қайғылы жағдай болмас еді деп ойлаймын», – деді Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Дидар Айтжанов.

Жаңа туған сәбиден бөлек, 9, 5 және 4 жастағы балалары қазір туыстарының қасында. Алдағы уақытта немерелерін өзінің атына жаздырып аламын деп отыр әжесі Нұрбану Рақышева.