Әлия, Мәншүк және Хиуаз

Әлия, Мәншүк және Хиуаз
almaty-akshamy.kz

Ертең әкелер күні

Бір үйдің арулары туралы бірер сөз

Биыл елімізде Күнтізбеге екі атаулы күн енгізілді. Бірі – Аналар күні (мамырдың екінші жексенбісі), екіншісі – Әкелер күні (маусымның үшінші жексенбісі). Яғни ертең – Әкелер күні. Бұл айтулы даталардың бабамыздан мұра болып келе жатқан отбасылық ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде, ата-ана беделін көтеруде, насихаттауда үлкен рөл атқаратыны сөзсіз.

Елге белгілі журналист, ойы ұшқыр, қаламы қарымды әріптесіміз Айнабай Мәдидің үш қызы бар. Есімдері ерекше: Әлия, Мәншүк, Хиуаз. Біз осынау үш «батыр» қыз өсіп келе жатқан отбасының атмосферасын сезіну, балалардың балаң ойларын, өмір туралы көзқарасын білу үшін үшеуіне бірдей сауалдар қойған болатынбыз. Кәне, жауаптарын бірге оқып көрейік.

МЕНІҢ АТЫМ

Әлия АЙНАБАЙҚЫЗЫ, 23 жаста, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың магистранты:

– Менің атымды әкемнің сыйлас танысы, генерал Жанасаев ағай қойған екен. Туған күнім 23 ақпан болған соң, ырымдап батыр қыздың атын қойыпты. Адамның есімі оның тағдырына қаншалықты әсер ететінін білмеймін, мен өзімді батыл, қайсар қызбын деп санамаймын. Адамның тағдырына отбасында алған тәрбиесі де әсер етеді деп ойлаймын.

Мәншүк АЙНАБАЙҚЫЗЫ, 20 жаста, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің 3-курс студенті:

– Мен 2002 жылы 1 желтоқсанда «Қадір түнінде» дүниеге келіппін. Анам маған аяғы ауыр кезінде апорт алмаға жерік болыпты. Әкем «кішкентайыңда апорт секілді томпақ болғансың» деп жиі айтып отырады. Негізі, әкемнің таныстары маған Хадиша, Әмина деген есімдерді қоюды ұсынған екен. Әпкемнің атын Әлия қойғасын, сәйкесінше әкем менің есімімді Мәншүк деп қойған.

Хиуаз АЙНАБАЙҚЫЗЫ, 13 жаста, 7-сынып оқушысы:

– Әкем 2008 жылы әйгілі ұшқыш апамыз Хиуаз Доспановамен кездесіп, сұхбаттасқан екен, ол кезде анамның маған аяғы ауыр кезі екен. Әкем ұшқыш апамызбен сұхбат кезінде «қызыма сіздің есіміңізді беремін» деген екен. Бірақ мен адамның аты оның тағдырына әсер етпейді деп ойлаймын.

БАТЫР ТУРАЛЫ

Әлия:

– Әлия Молдағұлова – Кеңес Одағының Батыры, ефрейтор. Мерген болған. Ақтөбе облысы, Қобда ауданында дүниеге келген. Шын есімі – Ілия. Есіміме байланысты қызықты, тосын жағдайлар болған жоқ. Бірақ атым Әлия, бауырларымның есімдері Мәншүк, Исатай, Хиуаз болған соң, көбі таңқалып жатады.

Мәншүк:

– Мәншүк Мәметова 1922 жылы Орал облысы, Бөкей ордасы ауданында дүниеге келген. Пулеметші. Азан шақырып қойған есімі – Мәнсия. Анасы бала күнінде «Моншағым» деп еркелеткен. Мәнсия кішкентай күнінде атын айтуға тілі келмей өзін «Мәншүк» деп кетеді. Құжат алар кезде де батыр қыз есімін «Мәншүк» деп жаздырған. Менің бауырларымның есімдерін естігенде адамдар «Мәссаған, есімдеріңді солай қою кімнің идеясы? Керемет!», – деп таңырқап жатады.

Хиуаз:

– Хиуаз Қайырқызы Доспанова 1922 жылы Гурьев облысында дүниеге келіп, 2008 жылы 86 жасында қайтыс болған. Қазақтан шыққан жалғыз ұшқыш әйел, халық қаһарманы. Мен білетін бір қызық ақпарат – Хиуаз бен оның ұшқыш құрбыларын немістер «Түнгі мыстандар» деп атаған. Менің есімімді естіп көбісі таңқалады, кейбірі тіпті айта алмай қалады. Оқулықтан батырлар тарауын өтіп жатқанда Хиуаз Доспанова апамыздың өмірбаянын оқығанда сыныптастарымның бәрі бір сәтте маған бірдей бұрылып қарайтыны бар. Ол да қызық.

«СҰЛУЛАРЫМ, АЛТЫНДАРЫМ!»

Әлия:

– Мен әкеме қатты жақын емеспін. Сондықтан болар, ойымды ашық айта алмаймын. Көбіне үй тірлігі, мамандық, оқу туралы сөйлесеміз. Мені «Әлөнтай» деп еркелетеді.

Мәншүк:

– Мен қазір басқа қалада болғандықтан ұялы телефон арқылы жиі сөйлесіп тұрамыз. Әкеммен менің және Оралдағы нағашыларымның жағдайы, оқуым жайында сөйлесеміз. Ер адамдар негізі ұстамды, салмақты болып келеді ғой, сезімін ашып жеткізбейді. Бірақ бізді іштей қатты жақсы көретінін сезіп тұрамын. Әкем бізді «алтындарым, ақұдай» деп еркелетіп отырады. Ал мені «Мөкентай», «Мәтөк» дейді.

Хиуаз:

– Әкеме ойымды анам арқылы жеткіземін. Әкем мені «Хиеке» деп еркелетеді. Бізді «менің сұлуларым, алтындарым!» деп, маңдайымыздан жиі иіскейді. Біз одан үлкен қуат аламыз.

БАУЫРЫМ

Әлия:

– Мәншүк – ақылды, еңбекқор, мейірімді. Болашаққа биік мақсаттар қойып, жақсы жоспарлар құрып жүретіні ұнайды. Хиуаз да ақылды, ән айтқанды жақсы көреді. Ағылшын тілін еркін меңгергісі келеді. Оның өзіне жоғары талап қоя білетін қасиетін бағалаймын.

Мәншүк:

– Үлкеніміз Әлия – ақылды, нәзік, ұялшақ. Мектеп кезінде математикадан көп көмек сұрап мазалай беруші едім. Көп нәрсені біліп тұрса да, ашып айта бермейді, тым ұстамды. Оның маған шыдамды, төзімді қасиеті ұнайды. Ал Хиуаз болса бізге қарағанда пысық қыз, әдемі, ақылды. Көпшіл. Кез келген ортада өзін жақсы ұстай алады. Бір қызығы, Хиуаз мектепке бармай жатып-ақ, әкем үйге алып келетін «Алматы ақшамы» газетіндегі сөз, сөйлемдерді мүдірместен оқитын. Сондықтан оған бірінші сыныптағы әріптер үйрену сабағы ешқандай қиын болған жоқ. Хиуаз ән айтқанды, билегенді жақсы көреді. Оның үнемі көңілді жүретіні ұнайды.

Хиуаз:

– Менің ең үлкен Әлия тәтем өте ақылды, оқуға, білімге көп көңіл бөледі. Тәтеме бірдеңе десең, бірден көңіліне алып қалады, нәзік. Ал Мәншүк тәтем батылырақ, бауырмал, қамқор. Екі әпкемнің де шыдамды, сабырлы мінездерін атап өтер едім.

АЯУЛЫ АТА-АНАМ

Әлия:

– Ата-анам Алматыда танысып, жарасып, шаңырақ көтеріпті. Әкемнің бізді аялап, көңілімізге қарап тұратын қасиетін бағалаймын. Ал анамның сабырлылығын, еңбекқорлығын үлгі етемін.


Мәншүк:

– Әкем Аралдан, анам Оралдан, екеуі де Алматыда оқыған. Екеуі осы қалада анамның құрбысы арқылы танысқан. Әкемнің бойындағы үлгі етуге болатын қасиет – кез келген адаммен тез тіл табысып, әңгімелесіп кетеді, көпшіл. Тарих пен әдебиетті өте жақсы біледі. Ал анамның кез келген жағдайда күліп жүретіні, шыдамдылығы, тапқырлығы ұнайды.

Хиуаз:

– Әкем журфакта, анам медучилищеде оқып жүргенде танысқан. Мен әкемнің шығармашылыққа жақындығын, көпшілдігін жақсы көремін. Ал анамның еңбекқорлығын, төзімділігін, жанашырлығын үлгі етемін.

ОТБАСЫ ДЕГЕНДЕ...

Әлия:

– Отбасы дегенде ойыма ең бірінші тыныштық деген сөз оралады.

Мәншүк:

– Отбасынан жырақта жүргендіктен бе, ең бірінші ойыма сағыныш сезімі көбірек келеді.

Хиуаз:

– Жылулық.

ИСАТАЙ «БАТЫР»

Әлия:

– Исатай – сүйікті інім. Ол бәрімізді бірдей жақсы көреді, бізге әрқашан көмектесуге ұмтылып жүреді. Әкем оған «қыздарды құрметтеу керек, аялау керек» дегенді жиі айтып отырады.

Мәншүк:

– Исатай бәрімізді де бірдей құрметтейді. Қамқорлығын барынша көрсетеді. Есімде, тұмауратып қалсақ, кішкентай болса да су, дәрі әкеліп беріп жүгіріп жүретін, үстімізге жабатын көрпе әкелетін. Дүкеннен келе жатқанда бізге ауыр көтертпейді. Сабақтан Хиуазды алып қайтарда сөмкесін көтеріп келеді.

Хиуаз:

– Исатай – менің ағам. Мені қарындасы ретінде қатты сыйлайды, қорғайды, мен үшін алаңдап жүреді.

БАҚЫТ ДЕГЕН НЕ?

Әлия:

– Бақыт деген – бірінші денсаулығыңның жақсы болуы, жақсы көретін адамдарыңның аман болуы, өзің еңбек етіп, табыс тауып, өзің мен жақындарыңды қуантып жүру. Елдің дамуына сәл де болсын үлес қоса алу.

Мәншүк:

– Бақыт – менің және отбасымның амандығы. Сонымен қатар, өз қалауымызға жетіп, оны қуанып бөлісуден асқан бақыт бар ма?!

Хиуаз:

– Мен үшін бақыт деген – өміріңнің өзің қалағандай өтуі.

МӘДЕНИЕТТІ АДАМ КІМ?

Әлия:

– Барлық уақытта сыпайы сөйлейтін, балағат сөздер айтпайтын адамдар. Барынша сабырлы болып, өзін ұстай алатын адамды, қоршаған ортаға зиян келтірмейтін адамды мәдениетті адам деп есептеймін.

Мәншүк:

– Мәдениетті адам – ол кез келген жағдайда басқаларға зияны тимейтін, өзін ортада дұрыс ұстай алатын, әдепті адам.

Хиуаз:

– Тәрбиелі, өзінің іс-әрекеті мен сөзін бақылай алатын адамды мәдениетті деп санаймын.

ҚАЗІРГІ ЖАСТАР ҚАНДАЙ?

Әлия:

– Қазіргі жастар ақылды, еңбекқор, мейірімді. Ата-анамның жастық шағынан өмірге деген шыдамды, төзімді болған қасиеттер алуға болады деп түйсіндім.

Мәншүк:

– Қазіргі жастар еркін. Өз ойын, өз қалауын қысылмай білдіре алады. Көпшілік жастардың қазір өзін жан-жақты дамытып, ізденіп жүретінін мақтанарлық деп есептеймін. Ата-анамнан шыдамдылықты алуға болады.

Хиуаз:

– Қазіргі жастардың кейбірі заманмен бірге дамып, өзіне көңіл бөліп, оқып, білімге ұмтылып жатса, кейбірі жаман жолға кетіп қалып жатыр.

Қысқасы, «бес саусақ бірдей емес». Дегенмен, бізге үміт артқан ата-анамыздың үмітін ақтасақ деймін.

ӨМІРДІҢ БАҒАСЫ

Әлия:

– Өмірде адамдар өзгелерді, үлкен-кішіні бірдей сыйлай білу керек деп ойлаймын. Өзін үнемі басқалардан жоғары санайтындарға өмір сүру қиын. Сосын барынша уақытты бағалау керек деп ойлаймын.

Мәншүк:

– Ең бірінші кезекте денсаулығын бағалай білуі керек. Одан кейін уақыттың бағасын түсіну қажет. Көп нәрсені кейінге қалдырып жатады. Бүгін жасай алатын дүниені ертеңге қалдырмаған абзал. Сосын жақындарыңның қадірін білу қажет. Оларды бар кезінде құрметтеп, ренжіспей, сыйласып өткен дұрыс.

Хиуаз:

– Адамдар қазіргі заманда өз жақындарын, денсаулығын бағалай білуі керек деп ойлаймын. Себебі, басқа заттарды сатып ала салуға болады, ал жақсы өмірді, жақсы адамдарды сатып ала алмайсың.

Біз осы шағын ғана сұхбат арқылы бір отбасында ақылды, ойлы, тәрбиелі қыздардың өсіп жатқанын байқадық. Қуандық. Әрине, оның арғы жағында әке, ана тәрбиесі тұрғаны анық. Әкеден – ақыл, анадан – мейір дарыған сынды үшеуіне де. «Қыз баласы – әкесіне жұлдыз, шешесіне құндыз». Ал біз есімдері өзгеше арулардың алдағы жақсылықтарына да тілекші екендігімізді айтқымыз келеді.