Түнгі тыныштықты бұзғандар жауапкершілікке тартылады

Түнгі тыныштықты бұзғандар жауапкершілікке тартылады
Сурет: Kazpravda.kz

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуінде Ладушкин көшесі 65 үйдің тұрғыны тұрғындардың тыныштығын бұзатын автошабандоздарға қатысты шаралар қабылдауды сұрады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Көктемнен бастап, түнгі уақытта Достық көшесінде жастар арасында нағыз жарыс басталады. Көліктердің дыбысы, мотордың гүрілі және қатты музыка ұйықтауға кедергі келтіреді. Тыныштықты бұзушылармен күресуіңізді сұраймыз», - деді тұрғын.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың жауабы:

«Біз аудан тұрғындарының шағымын ескердік. Түнгі тыныштықты бұзғандарға жауапкершілік бар. Полиция департаменті өкілдерімен бірлесіп, Достық даңғылы, Керей-Жәнібек хандар көшесінде «Сергек» бейнекамераларын орнатуды тапсырдым. Онда жылдамдық шектеулі. Бейнебақылау камералары бұл жағдайға оң әсер ететініне сенімдімін», - деді Ерболат Досаев.

Медеу ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы барлығы 57 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылды. Биыл «Сергек» 30 аппараттық-бағдарламалық кешені мен 750 бейнемониторинг жүйесінің камерасын орнату жоспарланған.