Энергетика министрі майнинг фермаларды электр жүйесінен бөліп тастауды ұсынды

Энергетика министрі майнинг фермаларды электр жүйесінен бөліп тастауды ұсынды
Сурет: Egemen.kz

Майнинг фермалар ұлттық электр жүйесінен бөлінуі мүмкін.

ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов майнинг фермаларды ұлттық электр жүйесінен бөліп тастауды ұсынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

«Бұл әзірге ой-пікір деңгейінде ғана қаралып жатыр. Нақты шара болуы үшін заңды түрде бекіту керек. Заңның өзінен бастап, заңнан туындайтын ережелерге түзетулер енгізілуі керек. Себебі майнингтің құны өсетін болса, электр қуатының тапшылығы туындауы мүмкін. Оны болдырмау үшін алдын ала шара енгізуіміз қажет. Біздің ойымыз, біріншіден, майнинг нарығы сырттан келетін импорттық электр қуатын тұтынушы деп танылуы керек», - деді министр.

Оның айтуынша, болашақта майнинг кәсіпорындары ұлттық электр жүйесінен тысқары стансалар құрып, сол арқылы электр тұтына алуы мүмкін.

«Сондай-ақ баламалы энергияның құны да біраз қымбат. Оны да майнинг саласының кәсіпорындары тұтынады деп енгізуге болады. Майнингпен айналысатын кәсіпкерлер өз атынан, өз ақшасымен станса құратын болса және бұл станса ұлттық электр жүйесіне кірмей, өздері тұтынушы ретінде алатын болса, оған ешқандай тыйым жоқ. Оны да жасауға болады»,- деді Болат Ақшолақов.