Елімізде оң рульді көліктерді заңдастыруға мүмкіндік беріледі

Елімізде оң рульді көліктерді заңдастыруға мүмкіндік беріледі
Сурет: 74.ru

Бұған дейін ІІМ көлікті бастапқы тіркеу үшін 200 000 теңге төлейтінін айтқан.

Қазақстандықтар оң рульді шетелдік көліктерді бір рет заңдастыратын болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев мәлім етті.

Тиісті мәселені Сенаттың жалпы отырысында депутат Нұрлан Бекназаров көтерді. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда оң рульді көліктердің жүруіне заңнамалық тыйым салынған. Сонымен қатар, кейбір азаматтар оң рульді шетелдік нөмірлі көліктерді әкеліп, қазір тіркей алмай жатыр.

Бұл ретте ол Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмасына сай, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанға әкелінген және мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автокөліктерді заңға сәйкес бір реттік заңдастыру міндетін қойғанын еске салды.

«Бүгінгі күні Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты біз көлік құралдарын біржолғы тіркеу бойынша жұмыс істеп жатырмыз, жақында ғана оң рульді көліктер бір реттік заңдастыруға енгізілетіні туралы тиісті түзетулер енгіздік. Қазір мұндай көліктердің саны 20 мыңға жуық», - деді Қайсар Сұлтанбаев.