Қазақстанда коммуналдық тарифтер қымбаттайды

Қазақстанда коммуналдық тарифтер қымбаттайды
Сурет: c555.ru

Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.

Тарифтер әрбір өңірдегі инженерлік желілердің тозуына қарай 20-30 пайызға көтеріледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Еліміз бойынша тозған инженерлік желілер көп, бұл көрсеткіш кейбір қалаларда 80 пайызға дейін жеткен. Мұның барлығын тарифтің есебінен жаңарту жоспарланып отыр.

«Келесі жылда, шамамен, екінші жартыжылдықтан бастап тариф жағынан өзгерістер болады. Себебі жеке меншік субъектілерге, содан кейін мемлекеттік меншікте болатын субъектілерге желілерді жаңарту керек. Өздеріңізге мәлім, Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында нақты міндет қойды, желілердің тозуын, кемінде, 15 пайызға төмендету керек. Біз желілердің тозу көрсеткішін, шамамен, 15-20 пайызға төмендетеміз. Тариф көтеріледі, басқа жол жоқ», - деді Қуантыров.

Министрдің айтуынша, әрбір қаладағы желілер мен нысандар жан-жақты зерделенеді. Соған қарай тарифтер де көтеріледі.

«Мысалы, Екібастұзда тарифті 2,5 есеге көтеруге ұсыныс берілді. Әрине, ол мүмкін емес. Бірақ біз халықтың жағдайына қарай тарифті көтеру мәселесін талқылаймыз», - деп атап көрсетті Қуантыров.

Тарифті көтеру бағдарламасы жеті жылға есептелген. Осы уақыттың ішінде тарифтер біртіндеп жоғарылайды.

«Келесі жылы бір бөлігі өседі. Бәлкім, 20 немесе 30 пайызға, жалпы республика бойынша емес. Әрбір қаладағы нысандар мен желілердің жағдайына қарай есептеледі», - деді министр.