Елге кіру қағидаларын бұзған 1000 шетелдік жауапқа тартылды

Елге кіру қағидаларын бұзған 1000 шетелдік жауапқа тартылды
Сурет: Polisia.kz

Осы жылдың 9 айында Қазақстан Республикасында болу қағидаларын бұзғаны үшін еліміздің көлік полицейлері 1000-нан астам шетелдікті әкімшілік жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Осы жылдың 9 айында көлік полицейлері 1000-нан астам шетелдікті әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның ішінде сот шешімі бойынша елден тыс жерлерге 267-сі шығарылды. Сондай-ақ ішкі істер органдарына шетелдіктердің келуі туралы уақытылы хабардар етпегені және елде болу қағидаларын қамтамасыз етпегені үшін 242 ҚР азаматы жауапкершілікке тартылды.

Мәселен “Заңсыз келуші – 2023” жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Қандыағаш станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Өзбекстанның 30 жастағы азаматын анықтады. Ол Әйтеке би станциясының теміржол вокзалы ғимаратында Қазақстан аумағында жұмыс істеуге рұқсат алмай қабырға әрлеуші болып жұмыс істеген. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, Әйтеке би аудандық сотының шешімімен құқық бұзушыға 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар ЖШС-ге қатысты жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы 3-бөлігі (Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Айта кету керек, жоғарыда аталған шағын кәсіпкерлік субъектісі осы жыл ішінде екінші рет жауапкершілікке тартылды. Дәл осындай факт Атырау станциясында да анықталды, онда теміржол вокзалы ғимаратының асханасында Өзбекстан Республикасының 5 азаматы еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырды. Шетелдік құқық бұзушыларға қатысты сот шешімімен әрқайсысына 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Жұмыс беруші жеке кәсіпкерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы 1-бөлігі (Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды

Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/kolik-politsejleri-1000-nan-astam-sheteldikti-akimshilik-zhauapkershilikke-tartty/