Елдің пікірі ескерілетін болды

Елдің пікірі ескерілетін болды
Cурет: Ашық дереккөз

Енді Ата Заңға өзгерістер енгізілгенде Парламент бекіте салмайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды. Бұл өте құптарлық жағдай. Өйткені, референдум әр азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді.

Мәселен Швецарияда қандай да бір заң қабылданбасын, басым көпшілігі халықтың қалауымен, көптің тілеуімен шешіледі екен. Жергілікті халық заңдар мен конституцияға қатысты түзетулерге де тікелей араласа алады. Ал бізде ше? Бізде осы уақытқа дейін Ата Заңды Парламент, депутаттар «бір ауыздан» мақұлдап өзгерте салатын еді. Халықтың пікірімен ешкім санасқан жоқ. Енді Мемлекет басшысы бұлай жалғаса беруге болмайтынын айтып отыр. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер халық таңдауымен жүзеге асатын болды. Бұл өте дұрыс шешім. Себебі, мемлекет тағдырын биліктегі жекелеген азаматтар емес, тұтас халықтың өзі шешуі керек. Сонда ғана Жаңа Қазақстанды құра алатын боламыз. 

Бір қуанарлығы, енді Ата Заңға өзгерістер енгізілгенде Парламент бекіте салмайды, халықпен санасады, референдум қорытындысымен жүзеге асады. Бұл әділ Қазақстан құрудың кепілі болатыны сөзсіз. Халықтың үні, пікірі ескерілген кезде қоғамда әділдік орнайды. Сондықтан бұл өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді.