«Ел  боламын  десең,  бесігіңді  түзе»

«Ел  боламын  десең,  бесігіңді  түзе»
almaty-akshamy.kz

Білім беру жүйесі ұлт сапасын жақсартуда маңызды рөл атқарады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте өткен Қазақстан Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында жариялаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесіне айрықша мән берді. Президентіміз тұжырымдағандай, бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Осы саланың өкілі болғандықтан бұл бағдар бізге де  үлкен жауапкершілік жүктейді.

Халқымыздағы  «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген тағылымды қағидатқа жүгінген Президент табысты ұлт болудың маңызды шарты білім беру жүйесінің  сапасына тікелей байланысты екеніне тоқталды. Сондықтан да жастардың  білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Жолдауда Мемлекет басшысы  осы мәселені маңызды ұлттық жоба деңгейінде қарастырды. «Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде»,– деді. Оның айтуынша, «кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы керек. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады».

Президент биыл біз жаңа кезеңге қадам басқанымызды, халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдағанын қадап айтты. Расында да, күні кеше ғана елімізде өткізілген Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Басты  мақсаттардың бірі  –  халқымыздың әл-ауқатының сапалы және инклюзивті өсуін қамтамасыз ету. Жоғары білім саласының реформаларын  осы бағдарда жүргізген абзал. Мемлекет басшысы атап өткендей, отандық жоғары оқу орындарында білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие  берілмек. Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай,  қоғамда әріптестік пен  өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түспек. 

Студенттерге, ғылым, денсаулық сақтау, өндіріс, IT салаларының білікті мамандарына түрлі жеңілдіктер беріліп,  қолдау көрсетілетіні  осы салаларда орын алған түрлі өзекті мәселелерді  шешуге көмектеседі. Мәселен, қай өңірде, қай қалада болмасын, бүгінде ата-аналарды да, студент-жастарды да толғандыратын негізгі қажеттіліктің  бірі –  көптен бері шешімін таппай келе жатқан  жатақхана мәселесі еді. Президент өз Жолдауында осы түйткілді шешудің нақты  жолдарын көрсетті. 

–  Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ, барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті, мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болуы шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн. Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болады. Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім беру экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс. Сұранысқа ие болып отырған және жоғары білікті мамандардың тапшылығын азайту қажет. Ғылым, денсаулық сақтау, өндіріс, IT салаларының білікті мамандарына жеңілдік жасалады, – деп тұжырымдаған  Қасым-Жомарт Тоқаев кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажеттігін атап өтті. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек.