Доп додасы-2022. Бүгін Германия мен Жапония кездеседі

Доп додасы-2022. Бүгін Германия мен Жапония кездеседі
Сурет tengritravel.kz алынды

Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының төртінші ойын күнінде, 23 қарашада, Е тобында екі кездесу өтеді

Алғашқысы Германия және Жапония арасында болады. Ойын елорда уақытымен 19:00-де басталып, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Германия құрамасы әлем чемпионатының финалдық сатысына 20-шы мәрте қатысқалы отыр. Бұған дейін 1954, 1974, 1990, 2014 жылдарда чемпион атанса, 1966, 1982, 1986, 2002 жылдарда күміс, 1934, 1970, 2006, 2010 жылдарда қола жүлдегер болды.

Олардың қарсыласы - Жапония дүбірлі додада жетінші мәрте бақ сынайды. Олар 2002, 2010, 2018 жылдарда 1/8 финалға дейін жетті.

Екі құрама үшінші мәрте шеберлік байқасады. Алғашқы екеуі жолдастық кездесу ретінде өткізілген. 2004 жылы Германия 3:0 есебімен жеңіске жетсе, 2006 жылы 2:2 есебімен тең тарқасты.

Аталған топтағы тағы бір кездесуде Испания мен Коста-Рика шеберлік байқасады. Ойын елорда уақытымен 22:00-де басталып, оны «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде тамашалауға болады.

Әлемдік футболда өзіндік орны бар Испания дүбірлі додаға 17-ші мәрте келді. Қазірге дейін 2010 жылы чемпиондық тұғырға көтерілді.

Ал Коста-Рика футболшылары айтулы аламанға жетінші мәрте қадам басты. Әзірге ең жоғары жетістігі ретінде 2014 жылы 1/4 финалға дейін жеткендігін айтуға болады.

Екі құрама бұған дейін үш мәрте кездесті. Оның екеуінде испаниялық футболшылары басым түссе, бір кездесу тең нәтижемен аяқталды.