«Дельта» дүниені дүрліктіріп тұр

«Дельта» дүниені дүрліктіріп тұр
almaty-akshamy.kz

ГЕРМАНИЯ елінде әр ПТР-тесттің нәтижесі коронавирустың жаңа штамын анықтау үшін тағы бір мәрте тексерілетін болады. Бұл науқаста қауіпті індеттің үндістандық нұсқасын анықтау үшін қажет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны «дельта вирус» деп атады. Вирустың бұл түрі өзгелерге қарағанда тез тарайды. Мәселен, Ұлыбританияда «дельта вирус» жаңадан тіркелген дімкәс жандардың 96%-ында табылса, Германияда 6% науқаста анықталған. Соның өзінде неміс сарапшылары әлден дабыл қаға бастады. Жергілікті билік аймақтағы эпидахуалдың оңалғанына қарамастан шектеу шараларын жеңілдетуге асығар емес. Кеңселер мен мектептерде әлі де бетперде режимі сақталған. Өйткені, сарапшылар күзге қарай аймақта «дельта» өршіп кетуі мүмкін деп алаңдаулы.

МАЛАЙЗИЯ мемлекетінде екпе егу науқанын мейлінше үдете түсу үшін Куала-Лумпурдегі ұлттық стадион да уақытша вакциналау орталығына айналған. Қазір күн сайын тұрғындарға 200 мың доза салынып жатқан көрінеді. Осылайша жергілікті билік шілденің соңына қарай халықтың 10%-ын егіп шықпақ.

 ҮНДІСТАН – әлемдегі ең ірі вакцина өндірушілердің бірі. Алайда, оның өзінің вакциналау бойынша кампаниясы баяу қарқынмен жүруде. Сондықтан ел билігі халықтың ересек бөлігінің барлығына коронавирусқа қарсы тегін вакцина салуды көздейтін жаңа саясатты қолға алды. Яғни федералды үкімет елде өндірілетін вакциналардың 75%-ын сатып алып, Үндістан штаттары арасында бөлетін болады. Жергілікті Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, вакциналау бойынша жаңа стратегияның іске асырылуының бірінші күні Үндістанда 8,4 миллион адамға екпе салынған. Соның өзінде қазіргі кезде халқының 5%-ы ғана пайызы вакцина алған, көптеген штаттарда вакцина әлі де тапшы көрінеді.

 ПЕРУ жерінде коронавирустың «Дельтамен» деңгейлес жаңа штамы бас көтеріпті. Мамандар осылай деп дабыл қақты. Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері о сыған дейін ғылыми дәлелденген вакциналардың бәрі «үнді» штамына қарсы тұра алатындығын айтқан болатын. Ол үшін екпенің екі дозасын да алу міндетті. Енді әлгі штамға да төтеп бере алады деп тілейік.