ДДСҰ: маймыл шешегіне қарсы жаппай вакцина алудың қажеті жоқ

ДДСҰ: маймыл шешегіне қарсы жаппай вакцина алудың қажеті жоқ
Сурет: Azattyq-ruhy.kz

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықты маймыл шешегіне қарсы шұғыл жаппай вакциналауды міндетті деп санамайды.

Сарапшылардың айтуынша, бірқатар талаптар орындалса, вирустың таралуын тежеуге болады. Мәселен, гигиеналық ережелерді сақтау, қолды жиі жуудың көмегі зор. Жалпы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес,  ай басынан бері инфекция 19 елде расталған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Тек бір ғана Ұлыбританияда маймыл шешегіне шалдыққандар саны 71-ге жетті. Мұнда олар теріде ерекше бөртпелерді байқағандардың барлығын дереу дәрігерге қаралуға шақырды.

Германияда маймыл шешегін жұқтырғандар енді 3 апталық карантинге жабылады. Елдің денсаулық сақтау министрлігі осындай қаулы қабылдады. Бұдан бөлек, билік өкілдері науқастармен байланыста болған азаматтарды да оқшаулануға шақырды. Ел Үкіметі сақтық үшін ауруға қарсы вакцинаның 40 мың дозасына тапсырыс берді. Бүгінде Германияда 5 адамның бойында осы ауру  расталды.

"Маймыл шешегі бұл – жаңа пандемияның басы емес. Бұны барлығымыз түсінуіміз керек. Біздің білуімізше, бұл вирустық аурудың өршуі жиі кездеседі. Оны контактілерді іздеу және сақтық шаралары арқылы бақылауда ұстауға болады", - деді ГФР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Карл Лаутербах.