Дархан Асаділов: Елге алтын керек еді...

Дархан Асаділов: Елге алтын керек еді...
Сурет: Оlympic.kz

Жерлесіміздің жарыстан кейінгі пікірі.

Токио Олимпиадасының каратэ ойындарының қола жүлдегері Дархан Асаділов жартылай финалдағы сәтсіздіктің басты себебін атап, сұхбат берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. Оlympic.kz-ке сілтеме жасап.

"Олимпиадаға 100 пайыз дайын болып келдім. Шыны керек, тек алтын үшін келгенмін. Кішігірім жарақаттарыма қарамастан, чемпион боламын деген мақсат тұрды. Елге алтын керек еді. Сол үшін еңбектенген едім. Бірақ жартылай финалда қателіктерге бой алдырдым. Қарсыласым барлық тактикамды бұзып жіберді. Олимпиадада 60 және 67 келі салмақ дәрежесі біріктірілген. Мен 60 келіде, Стивен де Коста 67 келіде сынға түскен бүгінге дейін. Сондықтан, онымен Олимпиадаға дейін бірде бір рет кездеспегенбіз. Бойының ұзындығы да бар екен.Бізге қола медаль екен бұйырғаны. Бірақ іште әттеген-ай бар. Жеңіс тұғырында тұрғанда, көзіме жас келді. Алтын алмағаным үшін күйіндім. Сол өкініштен келген жас шығар.

Туған елге оралған соң жарақаттарымды емдеймін. Алда әлі Азия және әлемдік деңгейдегі жарыстар бар. Мансабымды аяқтау туралы нақты шешімге келген жоқпын. Бірақ талантты жастар бой көтерсе, орнымды босатуға дайынмын.

Артымнан ерген жастарға айтарым - ел үшін аянбаңдар. Ел намысы үшін ең соңына дейін күресіңдер", - деді Асаділов.

Отандасымыз Дархан Асаділов каратэден Олимпиада ойындарында жүлде алған тұңғыш қазақ спортшы ретінде тарихта қалды.