Елімізде жыл басынан бері 39 адам әуе рейстерінен түсірілді

Елімізде жыл басынан бері 39 адам әуе рейстерінен түсірілді
Сурет: Ашық дереккөз

16 адам алкогольдік ішімдіктер ішкен немесе қоғамдық орындарда масаң күйінде болған.

Елімізде жыл басынан бері түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 39 адам әуе рейстерінен түсірілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Еліміздің көлік полицейлері осы жылдың басынан бері түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 39 азаматты әуе рейстерінен түсірді, оның 16-сы алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орындарда масаң күйінде болғаны үшін, 5-еуі әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзғаны үшін және тағы да басқа теріс қылықтары үшін түсірілген.

Бұл туралы көліктегі полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Дәулет Молдаханов хабарлады. Оның айтуынша, Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөліміне FlyArystan әуекомпаниясының өкілдерінен «Түркістан – Астана» бағытындағы рейстің жолаушысына қатысты шара қабылдау туралы хабарлама түсті. Әуе кемесі Астанаға ұшып келісімен жолаушы әйел акт бойынша полицейлерге берілді.

«Тексеру барысында көлік сақшылары масаң күйінде болған және ұшақ бортындағы қауіпсіздік ережелеріне бағынбаған Түркістан қаласының 37 жастағы тұрғынын анықтады. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігі және ҚР ӘҚБтК-нің 566-бабы 1-бөлігі бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылып, 8 айлық есептік көрсеткіш (27 600 тг) мөлшерінде айыппұл салынды», - деді Д.Молдаханов.

Естеріңізге сала кетейік, азаматтардың әуе кемесінің бортында мінез-құлық ережелерін бұзуы қалған жолаушыларға қолайсыздық келтіріп қана қоймай, ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.