«Чели апай» ұсталды

«Чели апай» ұсталды
Сурет: видеодан алынды

Жамбыл облысына «Чели апай» деген лақап есіммен белгілі бірнеше рет сотты болған Тараз қаласының тұрғыны ұсталды.

Осыдан бір жыл бұрын жедел уәкілдер оның 41 жастағы «Мака» бүркеншік атымен танымал қызын есірткі саудасына қатысты қылмысы үшін құрықтаған болатын, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына сүйенсек, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері алты ай бойы героин тобындағы есірткі өткізудің ірі арнасын анықтау және жою бойынша жасырын тергеу әрекеттерін жүргізген.

Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында ерекше иісті сұр-қоңыр түсті заты бар екі сіріңке қорабы табылып, тәркіленеді. Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған зат жалпы салмағы 5,45 грамм – шамамен 60 доза «героин» есірткісі болып шыққан.

Арнайы операция нәтижесінде ұсталған әйел – «Чели апай» бүркеншік атымен бұрын героин сатқаны үшін бірнеше рет сотты болған. Ол құрықтау кезінде осындай қылмыстар жасағаны үшін бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын соңына дейін өтеп үлгермеген.

«63 жастағы Чели апай бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғанына, қызы бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқанына қарамастан, заңсыз жолмен алынған табыстан бас тартпаған. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 297-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті Тараз қаласының ПБ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта есірткі жеткізу арнасын анықтау бойынша қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлайды ПД ЕҚҚІБ бастығы полиция полковнигі Әлім Бажықбаев.