Бұл - әр алматылық үшін ерекше мереке

Бұл - әр алматылық үшін ерекше мереке
qaz.ulysmedia.kz

Алматы әкімі Ерболат Досаев алматылықтарды Қала күнімен құттықтады

Құрметті алматылықтар, қала меймандары!
 
Мен бүгін сіздерді қала Күнімен құттықтауға шын жүректен ризамын! Бұл барлығымыз үшін, әр алматылық үшін ерекше мереке!

Алматы – аса бай тарихы, ерекше мәдениеті және таң қалдыратын көркем табиғаты бар ғажап әрі бірегей қала.  
Біздің шаһар еліміздің рухани және мәдени орталығы, Қазақстан Тәуелсіздігінің алтын бесігі болып табылатын ерекше мекен. Алматы тарихына көз салсақ, ол әр уақытта ғалымдарға, ақындарға, музыканттар мен сәулетшілерге шабыт берген. Осы ұлы тұлғалар қаламызда тұрып, өз шығармаларын өмірге әкеліп, шаһар келбетін әрлендіріп, жанын салып, Алматының ерекше мәдени кодын жасақтап келді.

Әйгілі классик Ремарк «Ең ғажап қала – ол адамның бақытты болған жері» депті. Мен осында туып-өстім, ең жылы естеліктерім осы қаламен байланысты. Мұнда шаңырақ құрдым, балаларым өсіп келеді.

Сіз бен біздің сүйікті қаламыз – шынымен жанды қала, ерекше энергетикаға бай шаһар. Қаламыз жайлы мыңдаған арнау жазылды, әсерлі әндер шырқалды, жасыл желекті әдемі көрінісін бейнелеген сансыз суреттер салынды.
Алматы тарихында өзге ірі қалалардың тарихындай гүлдену мен құлдырау (төмендеу) кезеңдері және зор қуаныш пен үлкен қайғы сәттері болды. Қаңтардың қайғылы оқиғалары біздің санамызды мүлде өзгертті. Біз қоршаған әлемнің қаншалықты нәзік екенін түсіндік және береке деген байлықты бағалап, оны күйзеліс пен зұлымдықтан сақтаудың маңызына көз жеткіздік. Алматы Феникс құсы сияқты қайта түлеп, бүгін оның белсенді дамуын және қарқынды алға жылжуын көріп отырмыз.

Алматы рухын қалпына келтіру – ол бірінші кезекте қаланың әр тұрғынының жеке үлесі мен рөлі болып табылады. Біздің сүйікті қаламыздың екі милионнан астам азаматтарының зор жасампаз энергиясы, креативтілігі, еңбекқорлығы мен өз қаласына деген сүйіспеншілігі – бұл біздің тұрақты және нық дамудың берік негізі.

Бізде Алматыны дамыту бойынша үлкен мақсат пен міндеттер бар. Барлығымыз бірге қаламызды одан әрі көркейтуге атсалысуымыз керек. Басты мақсат – жайлы қалалық орта құру және мегаполистің барлық аудан тұрғындарының табысын арттыру. Біз осы аптада қабылданған «Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларын» тиімді жүзеге асыруға міндеттіміз. Бұған барлық күш-жігерімізді, тәжірибеміз бен білімімізді жұмсаймыз.

Алматының барлық тұрғынына шын жүректен мөлдір махаббат пен зор денсаулық тілеймін! Біздің Алматы көркейіп, гүлдене берсін!