Бүгін Елена Рыбакина AusOpen-2023 чемпионы атағына таласады

Бүгін Елена Рыбакина AusOpen-2023 чемпионы атағына таласады
сурет:championat.com

Елена Рыбакинаның қарсыласы әлемнің бесінші ракеткасы - Арина Соболенко.

Бүгін Аустралия ашық біріншілігінің финалында қазақстандық Елена Рыбакина мен әлемнің 5-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко чемпиондық атақты сарапқа салады, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қос теннисші де Аустралия ашық чемпионатының финалына алғаш рет шығып отыр.

Бұған дейін 23 жастағы Елена Рыбакина 2020 жылы үшінші айналымға дейін жеткен еді. Ал одан бір жасқа үлкен Арина Соболенко төртінші айналымнан асып көрген емес.

Е.Рыбакинаның өткен жылы Уимблдон турнирінің чемпионы атанғаны белгілі. А.Соболенко 2021 жылы Уимблдон мен US Open, 2022 жылы US Open додасында жартылай финалға дейін жеткен. Бұл оның «Үлкен дулыға» турниріндегі алғашқы финалы болмақ.

Қарсыластар өзара үш рет кездесіп, бәрінде де беларусьтік теннисші үш сетте басым түскен.

Финалдық матч сенбі күні Астана уақытымен сағат 14.30-да басталады.

Аустралия ашық чемпионатының жалпы жүлде қоры 51,3 млн АҚШ долларынан асады.