Бүгін «Бурабай» Ұлттық табиғи паркінің құрылғанына 22 жыл

Бүгін «Бурабай» Ұлттық табиғи паркінің құрылғанына 22 жыл
Сурет: Inform.kz

Туристік маусым қызып тұр

Шамамен 130 мың гектар аумақты алып жатқан Ұлттық парктің флорасы мен фаунасын сақтау жолында 516 маман еңбек етіп келеді. Президенттің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев парк ұжымын атаулы күнмен құттықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Тамыз айында паркте жұмыстың қыза түсетіні соншалық, мерекені тойлауға да қол тимейді. Қызметкерлер күндіз-түні жұмыста. Көкорайлы жердің аумағы шамамен 130 мың гектар екенін ескерсек, флора мен фаунаны сақтау оңай шаруа емес екені айтпаса да түсінікті. Көшет отырғызу, жануарлардың қысқы азығын дайындаудан бөлек, қауіпсіздікке жіті мән беруге тура келеді.
Дәл қазір туристік маусымның қызған шағы, тәртіпті қадағалау керек. Осы жазда кәсіпорын қызметкерлері 16 өрттің алдын алды. Оған қоса, жыл басынан бері парк аумағынан 715 тоннадан астам, туристер көптеп келетін шілде айының өзінде 292 тонна қоқыс шығарылды.
Ұлттық паркте 516 өз ісінің білгірі жұмыс істейді. Орта есеппен алғанда олардың еңбек тәжірибесі 10 жылдан асады. Әбдірахмановтар, Әбілдиновтер, Дороговтар, Красноусовтар, Махметовтер, Омаровтар, Рахматуллиндер әулеті үшін бұл жұмыс – атакәсіп. Мереке Бекахметов, Владимир Канцев, Александр Макаренко, Қабдрашит Махметов және басқа да қызметкерлер құрметті еңбек ардагері қатарында.
Табиғи мұраны қызғыштай қорғап, кейінгі буынға аманаттай білген ерен еңбектеріңіз үшін Сіздерге ризашылығымды білдіремін! «Бурабай» МҰТП барша ұжым мүшелеріне мықты денсаулық, мол табыс және бақ-береке тілеймін!» - деп жазды Айбек Дәдебаев телеграм каналында.