Ауған соғысы ардагерлерінің жүріп өткен жолы жастарға үлгі

Ауған соғысы ардагерлерінің жүріп өткен жолы жастарға үлгі
almaty-akshamy.kz

Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 34 жыл толуына орай ауған соғысының ардагерлерімен кездесу кештері өтті.

Әскери бөлімдердегі сарбаздармен кездесу кешін өткізген интернационалист-жауынгерлер, атап айтқанда Геннадий Дмитриевич, Александр Александрович, Егізбай Ботатайұлы, Александр Николаевич және Қалыбек Амангелдіұлы ауған соғысындағы естеліктерінен бастап, Ішкі әскер мен Ұлттық ұландағы қызмет жолдарынан біраз әңгіме тарқатты. Аға буын жауынгерлердің әңгімесінен әсерленіп шыққан жас жауынгерлердің көзінен ерекше ұшқын байқалды. Бұл – ұйымастырылған іс-шараның мақсаты орындалды деген сөз. Интернационал-жауынгердің сөзі жас буынның санасына ой салды, жүрегіне жетті. Басты мақсат та сол еді.

Кездесу барысында сарбаздар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Ардагерлер өз ойларымен бөлісіп қана қоймай, жауынгерлерге бейбіт өмірді сақтауға, түрлі арандатушылыққа бой алдырмауға, Отанды қорғау ісінде адалтық танытуға шақырды. Олардың әрбір сөзі, әрбір іс-әрекеті – кейінгі ұрпаққа үлгі. Алды егде тарта бастаған, соңы жігіт ағасы болып қалған ауған соғысының ардагерлері бөлім басшылығы тарапынан алғыс хатпен марапатталды.