БІЗДІҢ МАҚТАНЫШЫМЫЗ: Шавкат қалай шыңдалды?

БІЗДІҢ МАҚТАНЫШЫМЫЗ: Шавкат қалай шыңдалды?
Сурет: Prosports.kz

Спорт – адамның ерік-жігерін қайрайтын, онымен қоса сынайтын сала. Бұл салада жетістікке жету адамнан ерекше қажыр-қайратты қажет етеді. Оны дәлелдеп, елдің атын әлемге танытып жүрген жандар баршылық.

Адамның бала күніндегі арманы асқақ болса, ол иесіне соған қол жеткізгенше маза бермейді. Мақсатқа жету жолы оңай емес, дегенмен шынайы арман алдамайды. «Біздің мақтанышымыз» айдарының бүгінгі шығарылымының кейіпкері туралы осылай деуге әбден болады. Бұл жолы танымал спортшы, аралас жекпе-жектен әлем чемпионы Шавкат Рахмонов, оның осы күнге дейінгі жетістіктері жайлы сөз қозғамақпыз.

Шавкат Рахмонов 1994 жылы 23 қазақстан Өзбекстанның Шүрші қаласында туған. Аты-жөні мен туған жеріне қарап, көпшілік оның ұлтына қатысты спортшыны «өзбек» деп ойлайтын болуы керек. Дегенмен, Шавкаттың ұлты қазақ, әкесі – қазақ, анасы – қоңырат.

Жарысқа қатысу, өзінің күшін сынауға ол кішкене күнінен әуес болды. Ол спорттың әр түрімен айналысқан – футболдан бастап, боксқа дейін. Болашақ чемпионды негізінен көше тәрбиеледі деуге болар. Себебі жастайынан бұзықтау өскен бала өзінен ересектеу балаларға да есесін жібермейтін көрінеді.

Шавкат 16-ға келгенде ол отбасымен бірге Қазақстанға қоныс аударады. Қарағандыға көшіп келген оның отбасының жағдайы бірден түзеліп кетпеді. Ол кездегі жасөспірім Шавкатқа ата-анасына қолғабыс етіп, жұмыс істеуге тура келді. Базарда жүк тиеуші болып ауыр жұмыс істеді. Дегенмен, спортқа деген қызығушылық оған да уақыт табуға күш берді. Кішкене күнінен жеңілу жанына жақпайтын қайсар Шавкаттың өміріндегі бұл қиындықтар оны қайта шыңдай түсті. Спортшы жұмыстан қатты қажып, жаттығу жасауға мұршасы келмеген кездерді де басынан өткен. Ондай кездерде жұдырығын түйген күйі жаттығуды қалдырмауға тырысқан.

19 жасында Шавкат Көкшетау қаласында жаттықтырушы Баян Жанғаловпен жаттыға бастайды. Кейін «Көкше» академиясына дене шынықтыру және спорт факультетіне оқуға түседі. Шавкаттың әуесқой ретіндегі алғашқы жетістіктері сол кезде-ақ байқала бастады. Санкт-Петербургте аралас жекпе-жектен өткен чемпионаттың финалында өзбекстандық Ахлиддин Мирзадовлатов басым түсіп, Шавкат алғашқы жеңістерінің біріне қол жеткізді.

Бұл жеңіс М-1 Global промоушенінің назарына өзіне аударуға жеткілікті болды. 2014 жылы Шавкат олармен келісімшартқа отырды. Жартылай орташа салмақта (77 кг) өнер көрсеткен Рахмонов алғашқы жарыстардан өзіне назар аударта бастады.

Шавкаттың жарқын жеңістері одан кейінгі жылдары да жалғасын тапты. Рахмоновпен белдескен қарсыластарының бәрі бірінен соң бірі нокаут алды. 2018 жылдан бастап спортшы аралас жекпе-жектен Қазақстан федерациясы өткізген кездесулерге де қатыса бастады. Сол жылдың мамыр айында Шавкат Рахмонов жартылай орташа салмақта қарсыласы Фаридун Одиловты техникалық нокаутпен ұтып, KZMMAF чемпионы титулына ие болды. Бұдан кейін жарты жылдан соң Шавкатқа қырғыз спортшысы Ринат Саяқбаевпен кездесіп, чемпиондық белдігін қорғау керек болды. Бұл белдесу небары бес минутқа созылған болатын, себебі Шавкат тағы бір қарсыласын көзді ашып-жұмғанша нокаутқа жіберді.

2019 жылдың наурыз айында жартылай орта салмақта М-1 Global-дың вакантты титулын иеленді. Үш айдан соң Рахмоновқа бұл белдігін қорғау керек болды. Тиаго Варежаомен өткен кездесу қазақтың намысты жігіті Шавкаттың жеңісімен аяқталды.

Рахмоновтың лигадағы дебюті 2020 жылы қазан айында Әбу-Дабиде өткен UFC 254 турнирінің аясында өтті. Промоушенға жаңа келген Шавкатқа қарсылас ретінде Алекс Оливейр таңдалды. Жекпе-жек аралық салмақта өтті, өйткені бразилиялық бақылау салмағын жоғалтып алды және қарсыластың пайдасына 20% айыппұл салынды. Шавкаттың лигадағы алғашқы жекпе-жегі нағыз сенсация тудырды: ол қарсыласын жеңуге төрт-ақ минут уақыт жұмсады.

Өзінің жарқын дебютінен кейін қазақстандық спортшы келесі белдесуіне промоушеннің аңызға айналған мықтысы Дональд Серронені шақырды.

«Маған америкалық ковбойды берсеңіздер. Мен онымен еркін төбелесе аламын. Ол мені ешқалай қорқытып тұрған жоқ. Оны құрметтеймін. Ол өте тәжірибелі күрескер. Өзіміз де оны белдесулерін көріп өстік», - деген болатын Шавкат Рахмонов.

ММА-дағы Шавкаттың екінші кездесуі 2021 жылы маусымда өтті. Бұл жолы қазақстандық аралас жекпе-жек шеберін бразилиялық Мишель Празеристі де оңай жеңді. Небары екі минутта Шавкат «артынан қылқындыру» әдісімен ұтты. Осылайша, UFC-де Рахмоновтың рекорды 2-0 болса, жалпы 14-0 болды.

2022 жылдың ақпан айының басында бірде-бір рет жеңіліп көрмеген қазақстандық спортшы Лас-Вегаста UFC-дегі үшінші жекпе-жегін өткізді. Карлтон Харрис Рахмоновтың қарсыласы болып тағайындалды. Жекпе-жектің фавориті болып саналған Шавкат бірінші раундта қарсыласына бұрылу кезінде аяғымен қатты соққы беріп, кезекті жеңісіне қол жеткізді.

2022 жылдың наурызында Рахмонов UFC рейтингінде промоушенің үздік ондығындағы Нил Магниді кездесуге шақыру тастады. Шавкаттың өзі бұл рейтингте 15-орында болатын. Қазақстандық аралас жекпе-жек мықтысының шақыруын қабыл аған американдықпен кездесу сол жылы жазда өтті. Бұл жолы да Шавкаттың жолы оңынан болып, қарсыласынан басым түсіп, жеңіске жетті.

 Шавкат Рахмонов өзінің спорттық жолындағы 17-ші, ал UFC-дегі 5-ші кездесуін осы жылы наурызда өткізді. Бұл жолғы оның қарсыласы сол кездегі әлемдік рейтпнгте 7-орында тұрған Джефф Нил болды. Кездесу нәтижесі Рахмоновты жеңіліссіз кездесулер саны бойынша рекордсмен етті. Жекпе-жектің статистикасындағы маңызды фактор оның көптеген жекпе-жектерді мерзімінен бұрын аяқтауымен де байланысты болды.

Бүгінге дейін 17 кездесу өткізіп, оның бәрін жеңіспен аяқтаған Шавкат Рахмоновқа қандай мақтау айтса да артық емес. Спорттағы оның жетістігі осы жолдағы, осы саладағы әрбір жанға үлгі.

Шавкат жеткен жетістіктер:

  • 2018 — KZMMAF жартылай орта салмақтағы чемпионы
  • 2019 — жартылай орта салмақтағы M-1 Global чемпионы
  • 2022 – «Кештің қатысушысы» (Карлстон Харриске қарсы)
  • 2023 – «Жекпе-жек кеші» мүшесі (Джефф Нилге қарсы)
  • 2023 – жеңіліссіз кездесулер сериясы бойынша UFC рекорсмені

Төменде қазақтың мақтанашына айналған Шавкатқа қатысты қызықты деректерді ұсынамыз:

  1. Шавкаттың атасының тегі – Рахман. Спортшының Рахмоновтарға айналуы Өзбекстандағы АХАЖ-дың жіберген қателігінен.
  2. Спортшының лақап аты – Номад, яғни қазақшалап айтқанда «көшпенді». Өзінің спорттық жолында Шавкат бірнеше ел Ресейден Оңтүстік Кореяға дейінгі бірнеше елдерде өнер көрсеткен.
  3. Шавкаттың әпкесі Сора - қоян-қолтық күрестен әлем чемпионы – қазір аралас жекпе-жектен де сынға түсіп жүр.  
  4. Шавкат бос уақытында бокс турнирлары мен футбол матчтарын көргенді жақсы көреді.
  5. 2013 жылы әуесқойлар арасында әлем чемпионы атағын жеңіп алғаннан кейін Рахмонов бала кезіндегі кумирі Федор Емьяненкомен кездесті. Атақты күрескер оған сыйлықты жеке өзі тапсырған болатын.