Биыл бірқатар сала қызметкерлерінің жалақысы өседі

Биыл бірқатар сала қызметкерлерінің жалақысы өседі
сурет:esquire.kz

2023 жылы ең төмен жалақы алатын 1,8 млн адамның айлығы көбейеді.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 60 000 теңгеден 70 000 теңгеге дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде 1,8 млн жалдамалы қызметкердің ақшалай кірісі өседі, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz primeminister.kz сілтеме жасап.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап балабақша тәрбиешілерінің, мектептер мен колледждер педагогтарының, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы 25%-ға артады.

«Педагогтердің жалақысы оқу жүктемесіне, білім деңгейіне, біліктілігінің болуына, жұмыс өтіліне, магистр дәрежесінің болуына байланысты есептеледі», - деді ҚР АМ қаржы және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш.

Осы жылы дәрігерлердің орташа жалақысын 30%-ға, 531 мың теңгеге дейін, орта медицина қызметкерлеріне 20%-ға, 250 мың теңгеге дейін, ұлғайту жоспарланды.

ҚР Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің лауазымдық жалақысы 2023 жылы орта есеппен 60%-ға артады. Сондай-ақ, ҚР Қарулы Күштерінің арнайы мақсаттағы бөлімшелері әскери қызметшілерінің лауазымдық жалақысын 20%-ға арттыру күтілуде. Ал полицейлердің жалақысы 10-33% аралығында өседі.

Сондай-ақ 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жалақысы 10-70%-ға артады.