BERLIN BAZAAR-2023 көрмесінде қазақ мәдениеті мен қолөнеріне тәнті болды

BERLIN BAZAAR-2023 көрмесінде қазақ мәдениеті мен қолөнеріне тәнті болды
Сурет: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Берлин тұрғындары BERLIN BAZAAR-2023 көрмесінде қазақ мәдениеті мен қолөнеріне тәнті болды 

Отандық өндірушілер 8-12 қараша күндері Германияда өткен әлемдегі ең ірі Berlin Bazaar халықаралық көрмесіне қатысты. Қазақстанның ұлттық павильоны Туризм және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Kazakh Tourism» ҰК АҚ қолдауымен ел туризмін өнер және қолөнер арқылы таныту аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

Жыл сайынғы Berlin Bazaar көрмесіне биыл әлемнің 60 елінен тіркелген 500-ге жуық креативті кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған көрме отандық ұлттық брендтер үшін жаңа экспорттық нарықтарды ашуға, қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысын таныстыруға және елімізге саяхаттағысы келетін әлеуетті туристермен коммуникация орнатуға тиімді платформа болды. Көрмеде Қазақстан павильонын келушілерге бірқатар қолөнер шебері, табиғи өнімдерді және «fair trade» тауарларын өндірушілер мен дизайнерлер таныстырды. Ал «Kazakh Tourism» өкілдері павильон қонақтарына еліміздің ең көрікті жерлері, курорттық аймақтар мен бірегей табиғи ландшафттарымыз туралы айтып берді. Ол үшін ұлттық павильонда орналасқан үлкен экрандарда Қазақстан туризмі туралы бейнероликтер көрсетілді. Мәлімет үшін айта кетейік, жуырда Қазақстан туризмі туралы түсірілген видеоролик Еуропада екі аталым бойынша үздік деп танылған-ды.

«Қазақстан – әсем табиғатқа ғана емес, мәдени мұраға да бай мемлекет. Берлиндегі көрмеге еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген ең үздік қолөнер шеберлері жасаған өнімдер қойылды. Біздің дизайнерлер мен шеберлердің өнімдері еліміздің ұлттық мәдени кодымен және өзіндік ерекшелігімен дараланып тұрды. Мұндай іс-шаралар Қазақстаннан тыс жерлерде ел туризмін дәріптеуге тамаша мүмкіндік береді. Біз әлемнің әр қиырынан келетін қонақтарды қарсы алуға және оларды таң қалдыруға әрқашан дайынбыз», - деді туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Қазақстан павильоны көрме залының ортасында киіз үй шеңберінде жасалып, келген қонақтар еліміздің әдет-ғұрпы, салт-дәстүрімен танысты. Көрмедегі Қазақстан стендінің бір ерекшелігі, Ассол бүркеншік есімімен танымал отандық суретшінің бірегей туындылары қойылды. Қылқалам иесі ерекше туындыларын жасауда кенеп матаның орнына кілемдерді қолданған. Сондай-ақ бұл туындылардың басым бөлігі Қазақстанның аңыз әйелдеріне арналған. Атап айтқанда, оның суреттерінде Сақ патшайымы Томиристің, мифтік Жер Ана және басқа да тарихи тұлғалар бейнеленген.

«Қазақстан – таңғажайып ел. Осы көрмедегі ең үлкен павильон сіздердікі болды. Маған қысқы ұлттық киімдер, мойынорағыштар мен ұлттық ою-өрнектері бар бетперделер өте қатты ұнады. Бұл – еуропалықтар үшін таңсық нәрсе. Қазақстандық топтама ерекше екен, оны көптеген сән көрсетілімінде таныстыруға болады»,- деп әсерімен бөлісті Берлин тұрғыны Гюль Шиндлер.

Сонымен қатар павильонда қазақстандық шеберлердің ағаштан, былғарыдан жасалған зергерлік бұйымдары, тоқыма өнімдері қойылды. Қазақстанның ұлттық павильоны жәрмеңке қонақтары арасында ерекше қызығушылық тудырды. Жәрмеңке барысында отандық дизайнерлердің өнімдері көрсетіліп, келген қонақтарға ұлттық тәтті тағамдар ұсынылды.