Балаларға медициналық көмек тегін көрсетіледі

Балаларға медициналық көмек тегін көрсетіледі
Сурет: ашық дереккөз

Алматыда балаларға 46 млрд теңгеге медициналық көмек көрсетілді.

Өткен жылы оңтүстік астана бойынша балаларға көрсетілген медициналық көмек түрлеріне Қор тарапынан 46 млрд теңге төленді. Оның 24,5 млрд теңгесі МӘМС пакетіне тиесілі, деп хабарлайды МСҚ Алматы қалалық филиалы.

Хабарламаға сүйенсек, Алматы қаласы бойынша емханаларға 643 мыңға жуық бала тіркелген. Былтыр оларға Алматы қаласы бойынша ТМККК және МӘМС аясында 46 млрд теңгенің медициналық көмегі көрсетілді. Шығынның негізгі бөлігін емханалық-амбулаторлық көмек құрады. Оған Қор 25,6 млрд теңге жұмсады. Осы кезеңде 60 мыңға жуық бала тәулік бойғы стационарларда емделген. Оған 17,1 млрд теңге, күндізгі стационарларда емделген 3 мың баланың еміне 304 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалды, делінген хабарламада.

«МӘМС жүйесі балаларды емдеуге және олардың ден¬сау¬лығын сақтауға жұмсалатын қаржы көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Балаларға жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын операциялар үшін 10,8 млрд теңге жұмсалды. Оның 9,3 млрд теңгесі сақтандыру қаражаты есебінен төленді. Сонымен қатар, Қазақстанда жоспарлы стоматологиялық көмек балаларға тегін көрсетіледі. 2022 жылы оған 2,7 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды», - дейді филиал басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Сондай-ақ, аурудың алдын алуға бағытталған профилактикалық тексерулерге көп көңіл бөлініп отыр. Алматы қаласы бойынша аталған кезеңде балаларды профилактикалық тексеруге 1,5 млрд теңге бағытталды. 

Бір айта кетерлігі, қазақстандық балалар МӘМС жүйесінде автоматты түрде сақтандырылады. Олар үшін жарнаны ЖСН алған сәттен бастап кәмелетке толғанға дейін мемлекет төлейді. Бұл балаларға ТМККК аясында ғана емес, МӘМС пакетіне кіретін медициналық көмекті де тегін пайдалануға мүмкіндік береді, делінген хабарламада.