Балаева Өзбекстанда қазақ мәдени орталықтарының өкілдерімен кездесті

Балаева Өзбекстанда қазақ мәдени орталықтарының өкілдерімен кездесті
Cурет: Baq.kz

Ташкентте Abai Uii мәдени-іскерлік үйі бар.

Ташкентте өткен Өзбекстандағы қазақ мәдени орталықтарының өкілдерімен кездесу барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеуге бастама бергенін, сондай-ақ жалпы тарихи Отанына келетін қандастардың бейімделуіне жәрдемдесуге қабілетті сұрақтар өзектендірілгенін айтты, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап.

Кездесуде Аида Балаева осыдан бұрын қандастарға Қазақстан азаматтығын алу бойынша тиісті құжаттарды беру, қандастар қатарындағы жастар үшін Қазақстанның жоғары оқу орындарында берілетін квоталар туралы мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімі мен мерзімдері айтарлықтай жеңілдетілгенін атап өтті.

Сонымен қатар ол қазақ халқының мәдениеті мен тілін сақтаудың маңыздылығын айтты. 
Еске сала кетейік, Өзбекстанда әлемдегі ірі қазақ қауымдастықтарының бірі тұрып жатыр және өткен жылы Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму, Сыртқы істер министрліктерінің қолдауымен осы елдің астанасы Ташкентте Abai Uii мәдени-іскерлік үйі ашылды.
Министрмен кездесуге Өзбекстан қазақ жұртшылығының көрнекті өкілдері, оның ішінде республикалық Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы С.Үсенов, академик, профессор Қ.Сейданов және басқалар қатысты.