Алматы полицейлері ауған соғысы ардагерлерімен кездесті

Алматы полицейлері ауған соғысы ардагерлерімен кездесті
Сурет: Polisia.kz

15 ақпанда бұрынғы Кеңес Одағы елдері Ауғанстаннан әскерлерінің шығарылған күнді атап өтеді

Бұл – қаза тапқан жауынгер-интернационалистерді аза тұту және еске алу күні. Алматылық полицейлер ауған соғысына қатысқандарға барды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Жеке құрамды патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында, кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күнін мерекелеу қарсаңында Алматы ПД бөлімшелерінің қызметкерлері дәстүр бойынша ауған соғысына қатысқандарға кіріп шығады. Бұл күндері қызметкерлеріміз ауған соғысына қатысқан ІІО-ның 25-тен астам ардагерін аралап, құттықтады. Біз олардың дендері сау және аман екендіктерін көргенімізге өте қуаныштымыз. Олар жас қызметкерлерге сол шайқастардың егжей-тегжейін айтып беруге әрқашан дайын. Бұл жас полиция қызметкерлерінің рухы мен отансүйгіштігін арттырары сөзсіз. Біз өз кезегімізде ардагерлерімізді қолдаймыз және ұмытпаймыз», – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Олжас Мырзабеков.

Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, ауған соғысына 22 296 қазақстандық қатысқан. Оның ішінде қайтыс болған 928 адамның 119-ы - алматылықтар. Сонымен қатар, 19-ы әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалып кеткендердің қатарында. Үш жыл бұрын екі қазақстандықтың сүйегі табылып, олар Қазақстанға қайтарылды. Алматыда 2 300-ге жуық "ауғандық" жауынгер тұрады, бір алматылық "ауғандық" жауынгері із-түзсіз жоғалғандар тізімінде. Қазақстанда барлығы 15 мыңнан астам интернационалист-жауынгер тұрады. Соғыс 1979 жылдың 25 желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейін (2238 күн) созылды.