Азат Сұлтанов қытайлық инвесторлармен су үнемдеу технологияларын талқылады

Азат Сұлтанов қытайлық инвесторлармен су үнемдеу технологияларын талқылады
Cурет: Gov.kz

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов 25 қаңтарда қытайлық инвесторлармен кездесіп, олармен суды үнемдейтін озық технологияларды қолдану мәселелерін талқылады.

АШМ басшысының орынбасары 2023 жылғы 1 қарашадағы жер балансы бойынша республикада 2,33 миллион гектар суармалы жер бар, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1920,8 мың гектар жер бар екенін еске салды. Сонымен қатар, бүгінде суды үнемдеу технологиялары енгізілген аумақтар ұлғайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бұған инвестициялық субсидиялау ықпал етті, қолдау аясында фермерлердің қазіргі заманғы суару жүйелерін сатып алуға, сондай-ақ су алу және беру үшін инфрақұрылым жүргізуге жұмсаған шығындарының 50% -ы өтеледі. Бұл ретте фермерлердің суармалы жерлердегі ұңғымаларды бұрғылауға жұмсаған шығындарын өтеу үлесін 50% -дан 80% -ға дейін ұлғайту көзделген.

Азат Сұлтановтың айтуынша, Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде, мемлекеттік органдардың бекітуі үшін тиісті жоба жіберілді. Осылайша, жаңашылдықтардың бірі су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға, яғни бүкіл төлқұжат бойынша инвестицияларға шығындарды субсидиялау нормативін 80%-ға арттыру болады. Осыған дейінгі атқарылған шаралардың нәтижесінде 2023 жылдың аяғында су үнемдеу технологиялары енгізілген суармалы жерлердің көлемі 312,2 мың гектарды құрады, бұл жоспардан 12,2 мың гектарға және 2022 жылмен салыстырғанда 33,2 мың гектарға артық.

«Министрлік суармалы судың негізгі тұтынушысы ретінде су ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін, сол арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыратын жобаларға мүдделі», - деді вице-министр.

Сөз соңында Азат Сұлтанов инвесторлар заманауи технологияларды дамыта отырып, суды кешенді және ұтымды пайдалану саласындағы уәкілетті орган ретінде Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге жобалар бойынша мәселелерді пысықтауы қажеттігін баса айтты.