Аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау не үшін қажет?

Аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау не үшін қажет?
Сурет: Sumochka.com

Міндетті цифрлық таңбалау өнімнің көлеңкелі саудасын азайту мақсатында жасалады.

 Біздің елімізде міндетті цифрлық таңбалау алғаш рет аяқ киім саласына енгізілейін деп отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz тілшісі.

 ҚР ИИДМ-нің мәліметінше, Қазақстанда аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау биыл 1 қарашадан бастап енгізілетін болады. Яғни осы уақыттан бастап таңбаланбаған аяқ киімнің өндірісіне және оның еліміздің аумағына әкелінуіне тыйым салынады. Ал бөлшек саудадағы таңбаланбаған тауарлардың қалдықтарын сатып бітіру үшін қосымша тағы бір жыл уақыт беріледі.

 Еліміздің аяқ киім өндірушілері мен импорттаушылар таңбалау жүйесінде (markirovka.kz) тіркелу керек. Таңбалау кодтарын шығару үшін жүйеге өндірілетін және импортталатын өнім туралы ақпаратты енгізу қажет. Бір таңбалау кодының бағасы 2,68 теңге тұрады.

 Қазақстанда қазіргі уақыттағы аяқ киім тауарлары айналымының 96% - импортқа, 4% - ішкі өндіріске тиесілі. Аяқ киім ішкі нарығының дамуын көлеңкелі айналым айтарлықтай шектеп отыр.

 Айта кететін болсақ, тауарларды цифрлық таңбалау – бұл ЕАЭО деңгейінде жүзеге асырылатын ұлтаралық жоба. Еліміздің мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша, аяқ киімнің көлеңкелі нарығы жалпы көлемнің шамамен 48,5%-ін құрайды. Міндетті таңбалаудың арқасында бұл көрсеткішті төмендетуге мүмкіндік бар. Ал тұтынушылар Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы таңбаланған тауардың түпнұсқалығын оңай тексере алады.