Игілікті істің бір парасы іспеттес

Игілікті істің бір парасы іспеттес
Сурет: Inform.kz

Жүректі сыздатқан қаңтар оқиғасына да жыл толып қалды. Жұртшылықтың жанын жүдеткен қаралы күндердің қалың тұманы әлі де толық сейіле қойған жоқ, әрине. Санаға түскен ауыр сал мақты жеңілдету жолында ел болып, қоғам болып атқаратын жұмыстар әлі де аз емес...

Бүгінгі Қазақстан Республикасының Президенті келіп ашқан Алматы қаласындағы «Тағзым мемориалы» осы арнадағы игілікті істің бір парасы іспеттес.

Бір жағынан қарағанда тым қарапайым, екінші жағынан аса күрделі болып көрінетін композициялық кешеннің, біздің ойымызша, екі үлкен мазмұндық арнасы бар сияқты.

Біріншіден, бұл – кешегі теңдік сұрап, әлеуметтік әділет іздеп алаңға шыққан, сол жолда арандатушылардың суық қолынан қаза болған боздақтардың рухына тағзым.

Екіншіден, бұл – халықтың берекесін қашырып, жұрттың ішіне алауыздық туғызған, әлеуметтік кикілжіңді қанды қасіретке дейін жеткізген төтенше жойқын оқиғадан алатын тағылым.

Мемориалдың авторлары осы екі идеяны астастыра тұтастырып, тәлім-тәрбиелік ұстыны берік, халқымыздың дәстүрлі дүниетанымы мен бүгінгі заманауи мақсат-мұратымен ұштастыратын тамаша астарлы мәні бар композиция құрастыра білген.

Мәселен, ескерткіш-тақталардың табанындағы су бейнесі – өмірдің, мәңгіліктің символы. Ал ақ, қара түстес мәрмәр тастардың қатарласып, алмасып келіп отыруы – қайғы мен қуаныштың, жақсылық пен жамандықтың, ескі мен жаңаның қабаттасып келіп отыратын тіршілік заңдылығын білдірсе керек. Мемориалдағы ақ тастардың асқақ, биік және қара тастарға қарағанда әлдеқайда көптігі – еліміздің рухының биіктігін, болашаққа ұмтылған арман-мұратының кіршіксіз тазалығын, ертеңінің ашық-жарқын екендігін бейнелеп тұрғандай.

Дәл сол ақ тақталарға жазылған ұлы бабаларымыздың асыл сөздері тарихтың терең тағылымына бойлатады. Ол жазбалар жас ұрпаққа:

«Береке мен бірлік – сабыр мен төзім арқылы баянды!»,

«Қазақтың мәңгілігі – ынтымағы
мен тұтастығында».

«Бір күндік әрекет мың күндік берекені тас-талқан ететіндігін естеріңнен шығармаңдар!»
деп өсиет айтып тұрғандай.

Бүгін ғана ашылған «Тағзым мемориалы» тәуелсіздік жылдарындағы талай дүбірлі оқиғалардың куәсі болған Алматы орталығындағы тарихи алаңмен табиғи үйлесіп, келешекке ғибрат айтып тұратын қастерлі орынға айналады деп сенеміз!