Астанада робот науқастарға ота жасады

Астанада робот науқастарға ота жасады
Сурет: ашық дереккөз

Жасанды интеллектімен адам денсаулығын жақсарту.

Астаналық дәрігерлер биоинженерияның соңғы жетістіктерімен танысты. Шетелдік мамандармен біліктілік алмасу барысында роботты қолдану арқылы күрделі операция түрлері жүргізілді, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Қазақстанда буын аурулары өршіп барады. Елде жыл сайын 15 мың адам буын алмастыру операциясын қажет етеді. Науқасқа шұғыл ем-дом жасауда жасанды интеллектінің көмегі зор. Бұған астаналық дәрігерлер көз жеткізді. АҚШ-та жасалған робот 5 науқасқа эндопротездеу бойынша операцияны сәтті өткізді. 3D сканерлеудің арқасында робот имплантты мінсіз орнатты. Бұл адам ағзасында кейін ауырсыну мен асқынуларды болдырмайды дейді мамандар. 

Асқар Бекназаров, Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының дәрігері: - Біз, хирургтар, өздеріміз жасайтын болсақ, бірнеше этаптан жасаймыз. Ал робот бір этаппен сол протезді қоюға көмектеседі. Ол дегеніміз, операцияның ұзақтығы да қысқарады. Және жарақат алуы да аз болады науқастың. Науқастың отадан кейін сауығуы тез болады.

Дәрігерлердің айтуынша, буын аурулары алпысты алқымдағандар арасында белең алған. Шымкенттен келген Зәуре Байтееваға роботтың көмегімен ота жасалды. Қазір жағдайы жақсы, жүріп-тұруым әлдеқайда жеңілдеді дейді.

Зәуре Байтеева, Шымкент қаласының тұрғыны: - Бірі күні роботпен операция істеді, өте сәтті өтті деп ойлаймын, ештеңе байқамадым, сезбедім, бәрі жақсы болды, өзім кіріп шыға беремін.

Дәрігерлер робот болашақта травматология саласында тұрақты қолданылатынына сенімді. Операция залында ол сенімді көмекші дейді. Ал бұл өз кезегінде буын функциясының бұзылуынан қиындық көрген науқастарға жедел көмек беруге үлкен мүмкіндік.