Алматыға павловния ағашын отырғызу ұсынылды

Алматыға павловния ағашын отырғызу ұсынылды
Сурет: Вrestcity.com

Қаладағы ағаштар жайы басты назарда


Алматыда құрттаған жасыл желек орнына павловния ағашын егу ұсынылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 24.kz-ке сілтеме жасап.

Алматыдағы 3 миллионға жуық ағаштың төрттен бірі жарамсыз. Ағаштар қартайып, көбіне құрт түскен. Осылай деп дабыл қаққан табиғат жанашырлары қаланың жасыл желегіне күрделі өзгеріс керек дейді.

Олар шаһардың жасыл қорын қалпына келтіріп, экологиясын жақсартудың тиімді жолын ұсынып отыр. Жалпақ жапырақты мына ағаштың егілгеніне 3 жыл ғана болған. Қазіргі биіктігі 10 метрге жуықтайды.

Биолог ғалымдар мен табиғат жанашырларының назарын аударып отырған павловния ағашы осы. Қиыр Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азияда кең таралған өсімдік Еуропа мен Американың бақтарында да жиі өсіріледі. Бұл ағаш түрінің елімізде өсетін жасыл желектерден артықшылығы көп. Мысалы, павловнияның биіктігі 9 жылда 20 метрге дейін жетеді.

Оған қоса, жалпақ жапырақтары көмірқышқыл газын өзге ағаштарға қарағанда 10 есе көп сіңіреді екен.

«Алматы қаласында өсіруге болады. Бір ғана жағдай - бір жылдық ағашты жақсы күту керек. Яғни бір жылдан қыстау фазасына кеткен кезде ағашты джут деген материалмен орау керек. Сол кезде оның тамырына ешқандай да үсік бармайды. Ағаш үсімейді де, әрі қарай екінші, үшінші жылы өсіп кетеді», - деді Ж. Жиембаев атындағы өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері Гүлназ Меңдібаева.