Алматының экология мәселелері ерекше бақылауда

Алматының экология мәселелері ерекше бақылауда
Сурет:Gov.kz.

Алматының экология мәселелері ерекше бақылауда

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, мегаполистің экологиясын сауықтыру шаралары туралы айтты, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz.

Алматыдағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу мен 2025 жылға дейін Алматы қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспары әзірленді.

Қоғамдық көлікті отынның экологиялық таза түріне көшіру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Қоғамдық көлік жүйесінде 2441 автобус бар. Соның ішінде 1715 автобус (75%) дизель отынымен жүреді. Әкімдік дизель және бензин отынымен қоғамдық көлік сатып алуға тыйым салу туралы шешім қабылдады. Барлық қолданыстағы келісімшарттар тек газбен жүретін автобустарды жеткізуге бағытталған.

 Барлық қалалық автобустарды газ бен электр энергиясына көшіру жұмыстары басталды. 2020 жылы газ отынымен 150 автобус сатып алынды. 2021 жылы қалалық қоғамдық көліктің 500-ге жуық бірлігін газбен және электр қуатымен сатып алу жоспарлануда.

 Сонымен қатар, биыл қалаға кіре берісте 19 экологиялық бекет орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде 9 экобекет орнатылған, қалған 10 бекет биылғы жылдың күзіне дейін кезең-кезеңімен орнатылады.

Стационарлық көздерден шығарындыларды азайту бойынша шаралар жоспарлы түрде қабылдануда. Мәселен, 2-ЖЭО бойынша газға ауыстыру мәселесі шешілді. 3-ЖЭО бойынша ТЭН әзірлеуді жобалау ұйымын анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Ал ЖЭО-1 2017 жылы газға көшірілді.

 Қала тұрғындарын мегаполистің түрлі бөліктерінде ауа сапасы туралы ақпараттандыру жобасы іске қосылды. Қаланың 49 LED-экранындағы 41 датчиктен, сондай-ақ "Алматы" телеарнасынан келіп түседі. Деректер күніне үш рет жаңартылады.

 Биылғы жылы ауа мониторингі бойынша қосымша 60 датчик орнату жоспарлануда. Барлық деректер ақпаратты жинақтауға, талдауға және өңдеуге арналған ГАЖ жүйесіне шығарылады. Осылайша, қоршаған орта сапасының жағдайын болжау үшін мәліметтер базасы құрылады.