Алматылықтар шетелдік көліктерді заңдастыруға қатысты өз ойларын айтты

Алматылықтар шетелдік көліктерді заңдастыруға қатысты өз ойларын айтты
Сурет: Ашық дереккөз

Өтініш берудің үш түрі бар

Алматылықтар елімізде шетелдік көліктерді заңдастыруға қатысты ойларымен бөлісуде, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Арнайы ХҚО-ға кішкентай ұлын ерте келген алматылық Махаббат есімді әйел көліктерді заңдастыру процесі тез өткенін айтты.

«Біз рәсімдедік, қазір нөмір алып жатырмыз. Жалпы, бұл процесс өте тез өтті. Біздің көліктер Қазақстанда болғандықтан, Үкімет оларды заңдастыруға мүмкіндік берді. Бұл дұрыс болды. Біз көлікті ақшаға сатып алдық, бұл ақша қазір өзін ақтап отыр. Мемлекеттік баж салығы да орынды», – деді Махаббат.

Алматы тұрғыны Дмитрий қазір шетелдік көліктер көбейген тұста басталған жақсы науқан екенін айтты.

«Мен онлайн өтініш бердім, кейін көлікті заңдастыруға болатыны жөнінде хабарлама келді. Келдім, өтінішті алдым, тексеру рәсімінен өтсін деді. Өте жақсы науқан, әсіресе, қазір шетелдік көліктер өте көп уақытта. Оларды заңдастырса, жақсы болар еді. Тиісінше, барлығы салық төлейтін болады, көлік нөмірлері Қазақстанда тіркелетіндіктен, жол ережесін бұзу да азаяды», - деді Дмитрий.

Ал шетелден әкелінген көліктерді заңдастыру жұмыстарының тиімділігі жайында Алматы қалалық әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Аманбек айтып берді.

«ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, Еуроодақ елдерінен әкелінген көліктерді заңдастыру туралы шешім қабылданды. Өтініш берудің үш түрі бар: egov.kz порталы арқылы, екінші деңгейлі банк қосымшасы арқылы, сондай-ақ, Арнайы ХҚО-ға хабарласу арқылы. Бұл жұмыстар өте тиімді. Әрбір өтініш жеке өңделеді. Заңдастыру аяқталғанша бұл процесс жетілдірілетін болады. Ең бастысы, азаматтар риза», - деді ол.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, бүгін Алматыда таң атқаннан бері Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында шетелден әкелінген 10 автокөлік тіркелді.

Еске салсақ, бүгіннен бастап елімізде шетелдік автокөліктерді заңдастыру жұмыстары басталды.

Шетелдік көлікті заңдастыру науқаны аясында алғашқы шетелдік көлік Алматыда тіркелді.

Сондай-ақ бүгін Алматыда шетелдік көліктерді заңдастыру үшін 84 адам ХҚО-ға жүгінді.