Алматылық энергетиктер референдум жайлы сөз қозғады

Алматылық энергетиктер референдум жайлы сөз қозғады
Сурет: Almaty-akshamy.kz

“Алатау Жарық Компаниясы” АҚ ұжымы 5 маусымда өтетін жалпыхалықтық саяси шараның маңызын талқылады.

Жиында компания қызметкерлері Президент ұсынған Конституциялық өзгерістерге оң бағасын берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

 Энергетиктердің айтуынша, жаңа Қазақстанды құруда реформаларды жаңарту аса маңызды, референдум елдің қоғамдық-саяси өміріне елеулі өзгеріс, тың серпін әкеледі. Мамандар республикада халық мүддесін қолдайтын, көптің үніне құлақ асатын, президенттік-парламенттік басқару жүйесі, жұртқа есеп беретін Үкіметі бар жаңа мемлекеттік жүйе қалыптасады деген ойда.

«Референдум – демократияға қадам басудың,  Жаңа Қазақстанды орнатудың төте жолы. Сонымен қатар,  тәуелсіз елдің тұғырын нықтап, еңсесін тіктейтін азаматтық қоғамның маңызды құралы. Қуатты мемлекеттің қадамын қарышты, бағытын баянды етудің басты тетігі. Конституция – кемел келешек кепілі, мызғымас мемлекеттің алтын қазығы. Басты құжаттың басты құндылығы -әділдік, тәртіп, бірлік, ел тұтастығы, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Әділетті Қазақстан құру үшін Ата заңға өзгеріс енгізу керек. Сонда ғана тұтас халықтың тағдыры шешіліп, болашағы берекелі, келешегі көркем болмақ. Әрі бұл еліміздің өркениетті мемлекеттер қатарында көш бастауына мүмкіндік береді. Сондықтан жалпыхалықтық референдумға бәріміз атсалысуымыз, белсенділік танытуымыз керек».

Алматылық энергетиктер бүгін референдум туралы осылай ой қорытты.