Алматыдағы тергеу изоляторында Қарттар күні атап өтілді

Алматыдағы тергеу изоляторында Қарттар күні атап өтілді
Сурет: Polisia.kz

Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №72 мекемесінде Халықаралық қарттар күні аталып өтті.

Мейірім мен ізгілік мерекесі болып саналатын Қарттар күнінде мекеме ұжымы Нұрлыхаят Рысқалиева мен Паридам Джапарованы құттықтап, құрмет көрсетті. Нұрлыхаят Рысқалиева – тергеу изоляторы жедел бөлімінің жедел уәкілі болып тағайындалған алғашқы қазақ қыздарының бірі.

Ол ішкі істер органында 35 жыл қызмет өткеріп, подполковник шеніне дейін жеткен маман. Бүгінде өзі ұзақ жыл қызмет атқарған мекемеде кітапханашы болып жұмыс істеп, жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Нұрлыхаят Жүсіпқызы жауапты қызметте жүріп екі қыз тәрбиелеп өсірген аяулы ана. Тергеу изоляторындағы тағы бір еңбегімен ел алғысына бөленген жан – капитан Паридам Джапарова.

Ол тергеу изоляторында ұзақ жылдар сотталғандар арасында аға инспектор-психолог қызметін атқарды. Паридам Джапарова қазір құрметті демалыста болса да арнайы контингент арасында психологиялық жұмыс бойынша кәсіби қызметін жалғастыруда. Мереке құрметіне мекеменің шаруашылық қызметіндегі сотталғандар көңілді кеш ұйымдастырып, әуелете ән шырқады. Тергеу изоляторының ұжымы жас мамандарға өздерінің тындырымды еңбектерімен үлгі болып жүрген жандарға сыйлық табыстап, алғыс айтты.