Алматыдағы колледжді бітірушілер диплом ала алмай жүр

Алматыдағы колледжді бітірушілер диплом ала алмай жүр
Сурет: интернеттен

Себебі, оқу орнын бітіруі тиіс қыз-жігіттердің дені емтиханнан шекті балл жинай алмай сүрінген.

Тестілеуге қатысқан 426 студенттің тең жартысы өтпей қалған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Алматыда жекеменшік медициналық колледж студенттері дипломын ала алмай жүр. Бірақ студенттер мұны өздерінен емес, тестті дайындаған орталықтан көріп отыр.

КТК телеарнасының хабарлауынша, Қарлығаш Жолшыбекованың екі баласы осы колледжді биыл бітіріп, диплом алу керек болған. Бірақ ұлдары қорытынды мемлекеттік аттестациялаудың алғашқы кезеңінен сүрінген. Бұған ол тестілеу орталығын кінәлап отыр. Айтуынша, тест сұрақтарының құрылымы дұрыс болмаған.

«Ақша төлеп қатысқан тесттен 80-90 балл алып жүрген. Әскерге шақырып жатыр. Повестка келіп қойған. Колледжден жылда анықтама алып береміз ғой, оның мерзімі шілдеде бітті. Төрт балаға жәрдемақы алатынбыз, ол да тоқтап қалды. Біздің сұрақтарымыздың ішінде заңның сұрақтары жүр дейді. Түсініксіз, аудармасы анық емес, түсінбейміз деп айтты», - деді Қарлығаш Жолшыбекова.

Жиылғандар арасында болашақ тіс дәрігерлері, жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен педиатр мамандары бар. Олар да тестілеуде берілген сұрақтар мүлде түсініксіз деп отыр. Ал қайтадан тапсыруға жарты жылдан кейін ғана мүмкіндік берілген. Тек ол уақытта студенттердің бірі жоғарғы оқу орнына түсе алмай қаламыз десе, екіншісі дипломсыз әскерге алып кетеді деп уайымдайды. Сол себепті қайта тапсыру уақытын жақындатса деген өтініш бар.

«Біз жұмыс істей алмаймыз. Себебі бізде диплом жоқ. Біз студент ретінде де саналмаймыз. Жігіттерді әскерге алып кетуі мүмкін. Өте көп студент жоғарғы оқу орнына түскісі келген. Олар да оқуын ары қарай жалғастыра алмай отыр. Біз бұлай жарты жыл күтіп отырғымыз келмейді. Бізге қайта тапсыру уақытын ертерек жасап берсін. Мен өз мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді», - деді Руфина Алимова.

Жалпы тестілеуге 426 студент қатысқан екен. Оның тең жартысы өтпей қалған. Колледж басшылығы бұл іске араласа алмайтынын, студенттерден тестілеуді тәуелсіз емтихан орталығы алғанын айтты.

«Соңғы сынақ тапсыратын тесттер бізге ашық емес. Біз оны білмейміз қандай сұрақтар келіп жатқанын. Біз тестті білмейтін болғаннан кейін оған баға бере алмаймыз. Біз сол туралы Денсаулық министрлігіне жаздық та, айттық та. Енді ол кісілер қандай шешім қабылдайды, біз білмейміз», - деді медициналық-стоматологиялық колледждің директоры Сәуірбек Рузуддинов.

Ал тест орталығындағылар бәрінің талапқа сай екеніне сенімді. Сұрақтар алдын ала дайындалып, білікті мамандардың тексерісінен өткен дейді олар.

«Емтиханда қолданылған орыс және қазақ тіліндегі тест сұрақтары 2023 жылдың мамыр айында тестологиялық және мазмұндық сараптамадан өткізілді. Қазақ тіліне аударатын маман иелерінің бізде екі түрі бар. Олардың медициналық білімі бар және мемлекеттік тілді бағалайтын қазақша тест бойынша лингвист мамандар бізде жұмыс істейді», - деді «Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығының» маманы Маржан Шәріпова.