Алматыдағы кептеліс Оңтүстік Корея тәжірибесі негізінде шешілуі мүмкін

Алматыдағы кептеліс Оңтүстік Корея тәжірибесі негізінде шешілуі мүмкін
Сурет: 24.kz

Қазақстандық делегация Дүниежүзілік банктің шақыруымен Оңтүстік Кореяға барып, қоғамдық көлік пен ақылды технологиялар жұмысымен танысты.

Қонақтар жүргізушісіз жүретін таксиге отырып көрді.  Сеул мэриясында өткен семинардың негізгі тақырыптарының бірі – Алматыдағы кептеліс мәселесін шешу болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, Қазақстандағы ең ірі қалада жарты миллионға жуық көлік бар, бірақ басқа аймақтардан келетін машиналарды қоса есептесе, автомобильдер саны 700 мыңға жетеді. Сеул мэриясының өкілдері Алматы жолдарындағы кептеліс мәселесін шешуге болатынын айтты.

 «Қалалық жерлердегі кептелістерді азайту үшін біз ақылды бағдаршам жүйесін құруды жоспарлап отырмыз. Қазір бұл жүйе 98 қиылыста жолға енгізілген датчиктерге негізделіп жұмыс істейтін бағдаршамдарды басқарып тұр. Біз басқа жүйелерді де қарастырып жатырмыз, олардың бірі - бейнекамераларды қолдану. Яғни, автомобильдерді тану жүйесі кептелістерді азайтуға көмектеседі», - дейді Алматы қаласы Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Серік Байғанин.

 «Егер жолаушылар жеке көліктің орнына қоғамдық көлікті таңдаса, кептелісті азайтуға болады. Ол үшін, біз Сеулде әртүрлі инновацияларды енгіздік. Мысалы, кез-келген автобуста, метрода, таксиде жол ақысын бір картамен төлеуге болады. Әр автобустың, метро пойызының қай жерде екенін және аялдамаға қашан қашан келетінін телефон арқылы көруге болады. Біз сондай-ақ жеке автомобильдердің қалалық орталықтағы кейбір аймақтарға кіруін шектейміз. Егер мұндай саясат Алматыда енгізілсе, менің ойымша, автомобиль санын және кептелістерді азайтуға болады», - дейді Сеул қаласы Жобалар агенттігінің атқарушы директоры Ли Джон Хен.