Алматыда жүргізушісі жоқ автобус жол апатына ұшырады

Алматыда жүргізушісі жоқ автобус жол апатына ұшырады
Сурет: Zakon.kz

Оқиға Абай даңғылы мен Наурызбай батыр көшесінің қиылысында  болған.

Жүргізушісі жоқ автобус жол апатына ұшырады. Салдарынан бір әйел зардап шекті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап. 

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, 6 қыркүйек күні түс ауа №79 жолаушылар автобусы Абай даңғылының бойымен шығыс бағытта жүрген. Салонда жолаушылар болмаған. Жүргізуші автобусты Наурызбай батыр көшесімен қиылыстағы арнайы жолаққа тоқтатып, әжетханаға бару үшін шығып кеткен.

Қайтып оралған жүргізуші өзі жоқта қараусыз қалған автобустың үлкен апатқа себеп болғанын көрген. Ол бақылаусыз артқа жүріп кетіп, қиылыстан өтіп, бағдаршам жануын күтіп тұрған көліктерге соқтығысқан.

Кейін полиция автобус 84 метр жол жүргенін анықтады. Автобустың соққысына алғаш боп ұрынған Land Cruiser көлігі болды. Ол күшті соққыдан Kia Rio мен Chevrolet Cobalt-ке зақым келтірген. Одан кейін автобус жол қиылысында тұрған Kia Optima көлігіне соғылды.

Апат салдарынан Kia Rio көлігінде болған бір әйел зардап шекті. Ол ауруханаға жатқызылды. Бақытымызға орай, автобустың жолында жаяу жүргіншілер, салонда жолаушылар болмаған. Жол полициясының қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.