Алматыда "Walking Football" (жүрмелі футбол) бойынша 1-турнир  өтеді

Алматыда "Walking Football" (жүрмелі футбол) бойынша 1-турнир  өтеді
Сурет: Lada.kz

 18 желтоқсанда сағат 11:00 Алматыда "Walking Football" (жүрмелі футбол) бойынша 1-турнир  өтеді. Турнирді Алматы қаласы спорт басқармасы ұйымдастырады, Алматы футбол федерациясы төрелік етеді. Шараның өтетін орны – "Қайрат" футбол академиясы.

Жүрмелі футбол – жасы 50-ден асқан азаматтарға арналған футбол ойыны, алғашында әртүрлі себептерге байланысты дәстүрлі ойынды ойнай алмайтын футболсүйер аға буын өкілдері үшін арнайы Ұлыбританияда шығарылған болатын. Жүрмелі футболды залда да, ашық алаңда да ойнауға болады. Ойын ережелері фктзалдағы футболға ұқсас, басты ерекшелігі – жүгіруге болмайды. Егер ойыншы жүгіріп келсе, онда оған штраф салынады. Тағы бір маңызды ереже – доп бастан жоғары көтерілмеуі керек. Залда футзалға арналған доппен ойналса, ашық алаңда кәдімгі футбол добын пайдаланса болады. 

 2011 жылдан бері футболдың бұл түрі Ұлыбританияда қарқынды дамып келеді, қазірдің өзінде  ел бойынша мыңдаған команда мен лига бар, команда ойыншылары арасында 50-ден асқан,  60-ты алқымдаған, тіпті 70-ті еңсерген жандар бар. Оған қоса  бұл ойынды жасы 40-тан асқан әйелдер де ойнайды.

Ойын жүрекке пайдалы, ағзаға көп салмақ түсірмейді. Бұл ойынның әлеуметтік маңызы да жоғары. Жүрмелі футбол жалғызбасты ер адамдарға сыртқа шығып, қатарластарымен байланыс орнатуға, өз формасын жақсартуға көмектесті.  

Қазақстанда бұл футболды спорт белсендісі, педагог Адамбеков Ерлан насихаттауда. Оның пікірінше, осы футбол түріне қызығатын еліміздің аудиториясы да кең. 

Мекенжайы: Квочкин атындағы "Қайрат" академиясы, Әбіш Кекілбайұлы көшесі, 30, 050060/A15K3E4, Алматы, Бостандық ауданы.

 Адамбеков Ерлан, тел.: +7 701 761 0763.