Алматыда сот шешімі бойынша мейрамхананың жазғы террассасы сүріледі

Алматыда сот шешімі бойынша мейрамхананың жазғы террассасы сүріледі
Cурет: Almaty-akshamy.kz

Алматының орталығындағы "Чачапури" мейрамханасының жазғы террасасы заңсыз тұрғызылған.

Қала тұрғындарының өтініші негізінде Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша қала құрылысын бақылау басқармасы Абылай хан даңғылы, 107 мекенжайындағы тұрғын үйге  қосалқы салынған нысанды және жазғы алаңға тексеру жүргізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Тексеру нәтижелері бойынша  жалға алушы "Матадор" ЖШС “Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" Кодексінің 322-бабы 1, 319, 323-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды, басқарма меншік иесі мен жалға алушыға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі ауданаралық сотқа және мемлекеттік қор аумағында орналасқан заңсыз салынған жазғы алаңды бұзу туралы ауданаралық экономикалық сотқа талап арыздар берді. 

Басқарманың талап-арыздары қанағаттандырылды, алайда Алматы қалалық сотына апелляциялық шағым түсті. Сот процестері 2023 жылдың 25 сәуірінде аяқталды – апелляциялық соттың қаулысымен сүру туралы шешім өзгеріссіз қалды. Сүру ағымдағы жылдың 12 мамырында сот орындаушыларының қатысуымен басталды.