Алматыда шетелдік азаматты қонақ үйге 45 мың теңгеге апарған таксист анықталды

Алматыда шетелдік азаматты қонақ үйге 45 мың теңгеге апарған таксист анықталды
Сурет: Polisia.kz

18 сәуірде Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөліміне Lufthansa әуекомпаниясының “Франкфурт – Алматы” бағытындағы рейсімен келген 43 жастағы Германия азаматы шағымданып келді.

Ол өзін әуежайдан қонақүйге қасақана жоғары бағамен, яғни 45 мың теңгеге жеткізген такси жүргізушісіне қатысты шара қолдануды сұраған.  Көлік полицейлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Алматы қаласының 45 жастағы тұрғынын, жеке такси жүргізушісін анықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сіллтеме жасап

Ер адам германиялық азаматқа қоғамдық орындарда тиісіп, арбап, оған такси қызметін ұсынып, Алматы қаласының халықаралық әуежайынан қаладағы Қонаев көшесінде орналасқан қонақүйге апарғаны үшін жоғары төлем алған.

Такси жүргізушісі келтірген шығынды өтеді. Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабының 1-бөлігі (қоғамдық орындарда тиісу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Германиялық азамат көлік полицейлеріне жоғары кәсібилік танытқандары және қаражатын кері қайтарып алуға үлес қосқандары үшін алғысын айтты. 

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың басынан бері еліміздің әуе және теміржол көлігі нысандарында түрлі әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін 15 970 азамат жауапқа тартылды. Оның ішінде қоғамдық орындарда тиіскені үшін 880 азамат анықталған. Оның 243-і – заңсыз такси жүргізушілері.