Алматыда Мұрат Әуезовтің 80 жылдық мерейтойына арналған кеш өтеді

Алматыда Мұрат Әуезовтің 80 жылдық мерейтойына арналған кеш өтеді
Сурет: Ашық дереккөзі

2023 жылғы 13 қаңтарда, сағат 11.00-де Ұлттық кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Өткірдің жүзі»  атты кездесу кеші өтеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Мұрат Әуезов – көрнекті қоғам қайраткері, мәдениеттанушы-ғалым, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

Ол Қазақстанның және халқымыздың рухани мәдениетін дамытуға, Орталық Азия халықтарының тарихи-мәдени құндылықтарын зерделеу мен насихаттауға өлшеусіз үлес қосты. «Сорос-Қазақстан» қорының басшысы ретінде білім беру, мәдениет және қоғамды демократияландыру саласындағы бірқатар маңызды орталықазиялық жобаларға бастамашы болды және жүзеге асырды, қазақ әдебиеті мен Қазақстанның жас шығармашылық күштерінің дамуына үлес қосты. Сондай-ақ «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға, қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге, сақтауға және жаңғыртуға орасан зор үлес қосты.

Қазақстан тарихында Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы тұңғыш Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. Қазақ мәдениетін, өнерін, әдебиетін насихаттауға бағытталған «Жас тұлпар» бейресми жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі. «Жібек жолындағы сұхбаттар» халықаралық мәдени жобасының бастамашысы және жетекшісі, «Уақыт арқауы», «М.М.Әуезов» телеэссе телебағдарламаларының авторы және жүргізушісі болды.

«Времен связующая нить» (1972), «Иппокрена. Хождения к колодцам времен» (1997), «Уйти, чтобы вернуться» (2002), «Главпочтампт» (2018), «Ділім» (2018) еңбектері мен көркемдік процестің теориясы мен тәжірибесі бойынша 200-ден астам жарияланымдардың авторы.

Іс-шараның мақсаты – Мұрат Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын үлгі ете отырып және ұрпақтар сабақтастығын сақтай отырып, жастар арасында рухани-мәдени және жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттау.

Кездесу аясында ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан Мұрат Әуезовтің қызметі мен шығармашылығына арналған «Өткірдің жүзі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылады.