Алматыда мото және мопед жүргізушілері тәртіпке бағынбай тұр

Алматыда мото және мопед жүргізушілері тәртіпке бағынбай тұр
Сурет: Polisia.kz

Жыл басынан бері мобильді көлік жүргізушілері 10 мыңға жуық жол қозғалысы ережесін бұзған.

Бұған дейін Алматы полициясы көктем, жаз мезгілінде, жалпы қаладағы жол-көлік оқиғаларының жағдайына әсер ететін жекелеген көлік түрлерінің қозғалысын қадағалауды күшейткен болатын, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Polisia.kz хабарлауынша, десе де, мотоцикл мен мопед жүргізушілері ескертулерді құлаққа асар емес, азаматтардың тыныштығын бұзу фактілері көптеп кездеседі,

«Тәжірибеде мотоциклдер мен мопедтердің иелерінің тікелей ағынды қондырғыны қолдануы жиі кездеседі, бұл азаматтардың тыныштығына әсер етеді. Әсіресе түнгі уақытта және рұқсат етілмеген жарыстарды ұйымдастырады, сондай-ақ маневр жасау және жылдамдықты шектеу ережелерін өрескел бұза отырып, топтық ұйымдастырылмаған қозғалыстар жасайды. Бұл қала тұрғындары мен басқа да жол қозғалысына қатысушылардың шағымдарын тудырады. Сонымен қатар, күн сайын дерлік біздің есептерімізде мотокөліктердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының қайталанатын деректері тіркеледі», – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Серік Шумаев.

Спикердің айтуынша, баламалы көлік түрлерін пайдаланатын адамдардың құқық бұзушылықтарын анықтау жұмыстары күшейтілді. Мәселен, алдын алу шарасының бір күнінде алдыңғы шептегі бөлімшелер мопед және мотоцикл жүргізушілерінің 60-тан астам жол ережесін бұзу дерегі анықтады. Жыл басынан бері мобильді көлік жүргізушілері 10 мыңға жуық жол қозғалысы ережесін бұзған. Жалпы айыппұл көлемі 70 миллион теңгеден асты.

Сондай-ақ жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, Алматыда мопедтердің қатысуымен 250 жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан 10 адам қаза тапты. Мопедтер мен мотоцикл жүргізушілерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері, негізінен белгіленген жылдамдықты сақтамау, қарсы жолаққа шығу, қиылыстардан өту ережелерін бұзу, маневр жасау және тағы да басқа бұзушылықтар.