Алматыда карантин талабына бағынбаған мекеме анықталды

Алматыда карантин талабына бағынбаған мекеме анықталды
Сурет: Аlmaty.tv

Қалада рейд жүрді.

Алматының мониторинг тобы екі күнде карантин талаптарын бұзудың 35 жағдайын анықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Аталған мониторинг тобының мәліметінше, екі күн ішінде 35-ке жуық карантин шектеуінің сақталмағаны анықталды. Тексерушілер түнгі сағат 22.00-ден кейін жұмыс істейтін бірнеше мейрамхана мен караокені тіркеді. Қалада күніне 15 заң бұзушылық анықталады.

Мысалы, 19 тамызда, сағат 22.14 шамасында Алмалы ауданының Өмірзақов көшесіндегі «Премьер-холл» банкет залынан 40-қа жуық келуші шығарылды. Мекеме иесін әкімшілік жауапқа тарту үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына материалдар берілді. 21 тамызда бірқатар заң бұзушылық анықталды. Медеу ауданының тексерушілері сағат 01.34 шамасында Достық даңғылы бойындағы «Баритон» караокесі жұмыс істегенін, онда 40 адамның болғанын анықтады.

Бостандық ауданындағы «Форсаж» кафесі де тәртіп бұзушылардың тізімінде. 18 тамызда, шамамен 22.24 сағатта мекеме карантиндік шектеулерге қарамастан жұмыс істеді және келушілерді қабылдады. Еске салсақ, Алматыда тамызда коронавирус ауруы өрши түсті. Дерт жұқтыру тәулігіне 1 500-1 600 жаңа жағдайға жетті. Осыған байланысты мегаполисте 1 қыркүйекке дейін карантин режимі эпидемиологиялық жағдайдың «қою қызыл» аймағына сәйкес ұзартылды.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қоғамдық тамақтану орындарының түнгі жұмысына тыйым салды. 20 наурыздан бастап қазіргі уақытқа дейін барлығы 2 мыңдай карантин шектеуін бұзу фактісі анықталды. Полиция бөлімшелеріне 3 300-ден астам адам жеткізілді.