Кореяда дрондар адамға кофе әкеліп береді

Кореяда дрондар адамға кофе әкеліп береді
Cурет: Ашық дереккөз

Күннен қуат алатын дрондар жеңіл әрі ұзақ ұша алады

Оңтүстік Кореяда 4 жарым мыңнан астам дрон қызметте жүр. Бұл дрондар адамдарды құтқарады, қылмыскерді ұстайды, тамақ та жеткізіп береді. Әйтеуір жұмыстың қай түріне де ерінбейді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
  
Елде 4 жыл ішінде дрон нарығы 7 есе өскен екен. Мұндай дерек Сеулдегі мамандандырылған көрмеде айтылды. 

Кореяда жыл сайын ұшқышсыз ұшатын аппараттың жүздеген жаңа үлгісі пайда болады. Ал үкіметтің басты мақсаты атмосфераға шығатын зиянды қалдықтарды азайту болғандықтан баламалы энергия көздерімен жұмыс істейтін дрондар жасала бастады. Бұл құрылғы күн арқылы зарядталады. Ол 56 жарым сағаттан астам уақыт тоқтамай ұшып, корей рекордын жаңартты. 

«Күннен қуат алатын дрондар жеңіл және ұзақ ұша алады. Күндіз батареялар күннен қуат алады, түнде осы энергиямен ұшады. Басқа көліктер аккумуляторды зарядтау үшін жерге түсуі керек, ал біздікі аспанда ұзақ тұрады. Сондықтан ол табиғи апаттарды, орман өрттерін бақылау және ақпарат жинау үшін қолданылады»,-дейді зерттеуші Чон Дже Пэк.

Ұшқышсыз аппараттың тағы бір жаңа қуат көзі сутегі. Жанармай багы платина қосылған материалдан жасалған, сондықтан ол оқ өткізбейді. Бұл оны жарылудан қорғайды. Бірақ соған қарамастан мұндай ұшқышсыз ұшақ әскери емес, азаматтық мақсатта жасалған. 

«Бүгінгі күнге дейін дронды алыс қашықтыққа жіберу мүмкін болмады. Мысалы, бақылаушы ұшқышсыз аппарат зарядтау үшін бірнеше рет қайтып оралуға мәжбүр болды. Сутегі аппараты бір ұшқанда өз міндетін орындай алады. Мысалы, ол ұзақ қашықтықтағы нысанға жеткізу, ауылшаруашылық жұмыстар, тіпті дезинфекциялауды да атқара алады. Оның арнайы механизмі бар»,-дейді компанияның бөлім бастығы Чой Хо Джин. 

Дронды басқаруды үйретуге арналған арнайы компьютерлік бағдарламалар бар. Көрмеге келушілер де өздерін ұшқыш ретінде сынап көрді.