Алматыда балалар арасында бүйрек ауруы белең алды

Алматыда балалар арасында бүйрек ауруы белең алды
Сурет: Celitel05.ru

Профилактиканы қажет етеді. 

Алматыда балалар арасындағы бүйрек ауруы өршіп тұр. Бұл туралы №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасы нефрология бөлімшесінің меңгерушісі Сәуле Алпысбаева брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz. 

«Бүгінгі таңда бүйрек ауруы өте өзекті. Зәр шығару жолдарының инфекциясы бұрын екінші орында болса, қазір респираторлық аурулардан асып түсіп, бірінші орынға шықты. Бүгінгі күні көптеген ата-ана балаларының бүйрек патологиясы мен зәр шығару жолдарының инфекциясын емдеу үшін дәрігерлерге жүгініп жатыр. Ең алдымен, балаларға көп су ішу керек, балалардың кіші дәретін қуықта ұзақ сақтамауын қадағалау қажет. Сонымен қатар іш қатудың алдын алу керек», - дейді дәрігер.

Оның айтуынша, бүйрек аурулары және лейкоцитурия, гематурия түріндегі зәр шығару синдромы кезінде жалпы зәр анализін тапсырып, бүйрекке ультрадыбыстық зерттеу жүргізіп, маманға жүгіну қажет.

Сонымен қатар спикер ұлдар мен қыздар арасындағы бүйрек ауруларының 80 пайызы микробтық қабыну ауруларына байланысты екенін атап өтті.

«Зәр шығару жолдарының инфекциясын нефрологтар ғана емес, сонымен қатар жергілікті дәрігерлер де тексере алады. Бұл инфекцияны емдеу дереу бактерияға қарсы және демеуші терапияны, сондай-ақ профилактиканы қажет етеді. Зәр шығару жолдарының инфекциясы бірінші кезекте қыздарда кездеседі», - деді ол.